Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қуаңшылық: Маңғыстаулық еріктілер шаруаларға жем-шөп апарып берді

2021 жылдың 22 тамыз 2021 00:41

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының еріктілер тобы Түпқараған аудан әкімдігімен бірлесіп қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, шара «Клуб добряков Актау» еріктілер қозғалысының мұрындық болуымен жүзеге асырылған.

Өңірегі қуаңшылыққа байланысты аталған еріктілер тобы Қазақстан тұрғындарынан көмек сұраған. Бүгінге дейін еріктілер 8 млн теңге қаражат жинаған. Олар 21 тамызда жиналған қаржының бір бөлігіне Түпқараған ауданындағы Қаңға жерінде орналасқан 4 шаруа қожалығына, атап айтқанда «Медет» шаруа қожалығына 100 қап, «Меңдіханов Мұханбеткерей», «Серік Сеңгірбаев», «Абат» шаруашылығына 50 қаптан жем жеткізді.


«Осындай қиын-қыстау кезеңде көмек қолын созып жатқан ерікті жастарға және әкімдік қызметкерлеріне зор алғысымды білдіремін. Бұл біз үшін көмек болды», - деді «Медет» шаруа қожалығының иесі Ақсырға Таласбаева.

Қазіргі уақытқа дейін өңірдегі еріктілер қозғалысы жалпы 10 шаруа қожалығына көмек көрсеткен.

«Біз Маңғыстау облысындағы қуаңшылыққа байланысты тұрғындар арасынан көмек ретінде қаржы жинай бастадық. Бұл ретте қазақстандықтардан бөлек Оңтүстік Корея, Ресей Федерациясы мен Қырғыз елінің азаматтары қалыс қалмай, көмек көрсетті. Әр адам мүмкіндігінше 200, 500, 1000 теңгеден болса да қаржы аударды. Нәтижесінде 8 млн теңге жиналды. Бүгінге дейін 10 қожалыққа көмек көрсеттік. Мал азығын тиісті жерге жеткізу үшін жүк көліктерін жалдадық. Әрине, бұл жұмыстар қосымша қаржыны талап ететін. Ал бүгін шаруаларға шөпті жеткізу үшін Түпқараған ауданы әкімдігі көлікпен көмектесті», - деді «Клуб добряков Ақтау» еріктілер қозғалысының жетекшісі Сабина Бейсембаева.


Жоғары қарай