Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚР Жоғарғы сотына жаңа судьялар сайланды

2020 жылдың 3 желтоқсан 2020 10:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Жоғарғы сотының судьяларын сайлау және қызметінен босату мәселесі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Сәкен Абдолланы және Мәдениет Жақанқызы Омарбекованы Жоғарғы соттың судьялары қызметтеріне сайлау, сондай-ақ Гахарман Базарбекұлы Дүйсенбаевты орнынан түсуіне байланысты Жоғарғы соттың судьясы қызметінен босату ұсынымы енгізілді. Талқылау барысында палата депутаттары осы ұсынымдарға қолдау білдірді.

Абдолла Сәкен, 1964 жылы туған, жоғары заң білімі бар. Заң ғылымдарының кандидаты. Заңгер мамандығы бойынша өзінің еңбек жолын 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдарында бастады. 1992 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы болып сайланды. 1996 - 1999 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет басқармасының бастығы болды.

1999 - 2002 жылдары Алматы қаласы Әділет басқармасының бастығы. 2002 - 2003 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығының директоры болып жұмыс істеді. 2003 жылы Жоғарғы сот Аппаратының басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдан бастап Жоғарғы сот судьясы. 2007 жылдан бастап Маңғыстау облыстық сотының төрағасы. 2011 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласы сотының төрағасы. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы болып тағайындалған. 2018 жылғы желтоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақтөбе облыстық сотының төрағасы. Судьялық жұмыс өтілі 19 жыл.

Омарбекова Мәдениет Жақанқызы 1965 жылы туған, жоғары заң білімі бар. Заң ғылымдарының кандидаты. Заңгер мамандығы бойынша өзінің еңбек жолын 1988 жылы Қарағанды қаласы Совет аудандық сотының сот отырысының хатшысы болып бастады. 1990 жылдан бастап Қарағанды қаласы Совет аудандық сотының сот орындаушысы болып жұмыс істеді. 1992 жылдан бастап Қарағанды қаласы Совет аудандық соты төрағасының көмекшісі. 1993 жылы Қарағанды қаласы Совет аудандық сотының судьясы болып сайланды. 2000 жылдан бастап Қарағанды облыстық сотының судьясы. 2015 жылғы мамырдан бастап қазіргі уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьясы. Судьялық жұмыс өтілі 27 жыл.


Жоғары қарай