Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚР ҰҚК Шекара қызметі: ТЖ кезінде жүк тасымалдауға еш шектеу қойылған жоқ

2020 жылдың 26 маусым 2020 12:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Төтенше жағдай кезінде де, кейін де мемлекетаралық жүк тасымалына өз шекарасында ешқандай шектеу қойған жоқ. Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметі Шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасары полковник Ғани Ағаділов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда әлемдегі пандемия жағдайына байланысты біздің азаматтардан, шетел азаматтарынан, сонымен бірге бірқатар мемлекеттік ұйым атынан мемлекеттік шекарадан өту бойынша әртүрлі сұрақ түсуде. 11 мамырдан бастап Қазақстанда Төтенше жағдай режимі тоқтатылды. Алайда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін карантиндік шаралар жалғасуда. Бұл іс-шаралар аясында ведомствоаралық комиссияның хаттамасымен мемлекеттік шекарадан өткізу тәртібі бекітілді. Тәртіптің талабына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін шекарадан өтуге уақытша тыйым салынған. Бұл ретте Қазақстан азаматтарына ел аумағына кедергісіз қайтып келуіне, шетел азаматтарына Қазақстаннан шығуға рұқсат берілген», - деді Ғани Ағаділов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ол өз сөзінде шектеулер дипломаттарға, ұшақ пен теңіз экипаждарына, пойыз бригадаларына, жүк автокөліктердің жүргізушілеріне және басқа басқа тұлғаларға қолданылмайтынын жеткізді.

«Шектеулерге қатысты толық тізіммен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайтында, Инстаграм-аккаунтында танысуға болады. Атап айту керек, ТЖ кезінде, кейін де мемлекетаралық жүк тасымалдауға ҚР шекарасында ешқандай шектеулер қойылған жоқ. Шекара қызметінің бөлімшелері жалпы карантин кезінде 100-ден аса тұрақты, чартерлік ұшақтармен, автобустармен елге оралған 15 мыңнан аса ҚР азаматтарын бақылауды қамтамасыз етті. Шетел мемлекеттердің елшіліктерінен келіп түскен ресми өтініштер бойынша ҚР арқылы 2700-ден аса Өзбекстан азаматының, мыңнан аса Қырғызстан азаматының, 800-ден аса Тәжікстан азаматының ұйымдастырған транзиті қамтамасыз етілді», - деді ол.


Жоғары қарай