Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚР СІМ Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуына қатысты түсініктеме берді

2020 жылдың 24 қыркүйек 2020 19:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстанның өлім жазасын жоюға бағытталған халықаралық пактіге қосылуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы 23 қыркүйекте бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың БҰҰ Штаб-пәтерінде өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қоюына қатысты түрлі түсініспеушіліктердің пайда болуына байланысты СІМ Баспасөз қызметі келесі түсініктеме беру қажет деп санайды:

«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1) және 2) тармақтарына сәйкес өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Факультативтік екінші хаттаманы ҚР Парламенті міндетті түрде ратификациялауы тиіс, өйткені ол адамның және азаматтың құқықтары және бостандықтарымен байланысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен өзге ережелерді белгілейді.

Осылайша, аталған халықаралық шарт ҚР Парламентімен ратификациядан өткеннен кейін ғана күшіне енеді.

Ратификациялау кезінде екінші Факультативтік хаттаманың 2-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекет әскери сипаттағы неғұрлым ауыр қылмыстар жасаудағы кінәсін мойындағаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдануды көздейтін жалғыз ескертпе жасай алады.

ҚР Конституциясының 15-бабының 2-тармағына сәйкес «өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді». Тиісінше Хаттаманың күшіне енуі үшін елдің негізгі Заңына тиісті түзетулер, сондай-ақ ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 23 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қойды.

Сол күні өлім жазасын жою туралы халықаралық Хаттамаға қосылу туралы шешімді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші мерейтойлық сессиясының жалпы саяси пікірталас барасында сөйлеген сөзінде жариялады. Ол Қазақстан өмір сүру мен адами қадір-қасиетке негізделген құқықты жүзеге асыруға бекем екенін атап өтті.


Жоғары қарай