Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес немен айналысады

2020 жылдың 14 қыркүйек 2020 21:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің және өзге де мемлекеттік органдардың бастамасымен реформалар жөніндегі аса маңызды ұсыныстарды қарау және бекіту үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында экономика, өнеркәсіп, қаржы, әлеуметтік және басқа да салаларда түбегейлі реформалар жүргізу туралы міндеттер қойды. Бұл мәселеде Мемлекет басшысының биылғы 8 қыркүйектегі Жарлығымен жаңадан құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің маңызы зор.

Агенттік ағымдағы жағдайды, қалыптасып отырған тенденцияларды, әлемдік тәжірибені талдау және осы негізде реформаларды іске асыру тәсілдерін әзірлеудің, сондай-ақ, олардың орындалу барысына мониторинг жүргізудің жауапты мемлекеттік органы болады.

Агенттікпен және өзге де мемлекеттік органдардың бастамасымен реформалар жөніндегі аса маңызды ұсыныстарды қарау және бекіту үшін Мемлекет басшысының 2020 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығымен Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құрылды.

Президент жанындағы жоғары кеңес жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында кеңес құрамына Еуропалық қайта құру және даму банкінің экс-президенті (2012-2020 ж.ж.) Сума Чакрабарти енгізілді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының 14 қыркүйектегі Өкімімен С. Чакрабарти Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.

С. Чакрабарти дамушы нарықтар мәселелері бойынша маман, Ұлыбритания мемлекеттік қызметі жүйесіндегі ірі реформаларды әзірлеуде тәжірибесі мол. Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне техникалық көмек бағдарламасы – британдық «ноу-хау» қорының дамуында негізгі рөл атқарды.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы ретінде С.Чакрабарти аталмыш қаржы институтын ауқымды жаңғырудан өткізді. Өзі басшылық еткен жылдары бұл мекеме Қазақстанға 9 млрд доллар көлемінде инвестиция салды. ЕҚҚДБ мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті, «жасыл экономика» мен шағын және орта бизнесті реттеу мен дамытудың жаңа тәсілдерін әзірлеуде маңызды консультативтік көмек атқарды.

С. Чакрабарти Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы болған кезде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің тең төрағасы болды.


Жоғары қарай