Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚР Президенті қазақтың тұңғыш антропологы мен абайтанушы ғалымды мерейтоларымен құттықтады

2020 жылдың 16 қазан 2020 18:47

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Алматы қаласында қазақтың тұңғыш антропологі Оразақ Исмағұлов пен ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлын 90 жас торқалы тойларымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық кітапханасында болған салтанатты шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет және белгілі ғалымдар қатысты.

Қырымбек Көшербаев ғалымдардың ел ғылымына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті Мекемтас Мырзахметұлы! 90 жас мерейтойыңызбен құттықтаймын. Отандық әдебиет пен ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосуыңыздың арқасында сіз халық алдында белгілі ғалым, жазушы ретінде танылып, ерекше құрметке бөлендіңіз. Қожа Ахмет Ясауи, Абай, Мұхтар туралы, Бауыржан Момышұлы туралы еңбектеріңізге баға жетпейді. Алда да өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп, қоғамның рухани дамуына үлес қосып аман жүріңіз. Денсаулығыңыз мықты болсын! Арман-тілегіңіз орындалсын!», - делінген құттықтауда.

Мемхатшы Президенттің антрополог ғалым Оразақ Смағұлұлына арнаған құттықтауын да жеткізді.

«Құрметті Оразақ Смағұлұлы! Мен сізді бүгінгі 90 жас мерейтойыңызбен құттықтаймын. Саналы ғұмырыңызды антропология саласына арнап, Қазақстанда тұңғыш рет антропология мектебінің негізін қаладыңыз. Әлбетте ғылымға қосқан үлесіңіз ұшан теңіз. Сіздің еңбектеріңіздің арқасында қазақ халқының тарихы мен шығу тегіне қатысты көптеген баға жетпес ғылыми мұраға ие болдық. Болашақта жұмысыңызға сәттілік тілейміз. Халық игілігіне қызмет етуден жалықпаңыз», - делінген Мемлекет басшысының хатында.

Құттықтаудан соң мемлекеттік хатшы қос ғалымға шапан жапты.

Ал ҚР Мәдениет және спорт, Білім мен ғылым министрлері қариялардың кеудесіне төсбелгі тақты.

Жоғары қарай