Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға сапарының видеосы

2020 жылдың 26 қыркүйек 2020 00:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына жасаған жұмыс сапарының бірінші күнінің видеосы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Видеоны өзінің Facebook парақшасында Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли жариялады.


Айта кетейік, Берік Уәли осыған дейін Facebook парақшасында Қазақстан Президентінің жұмыс сапарымен Алматы қаласына келгендігін хабарлаған болатын. Онда Президенттің Алматыдағы бірқатар нысандарды аралап, қоғам қайраткерлерімен және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізетіні жазылған.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапары барысында алдымен И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалын, ондағы 500 адамға стационарлық медициналық жәрдем беруге арналған және заманауи құрылғылармен жабдықталған палаталарды аралап көрді.

Бұдан соң Мемлекет басшысы Алматының Индустриялық аймағында орналасқан энергия үнемдейтін сәулеттік қасбеттер шығаратын зауыт - «КСМ Техновид» ЖШС-ның жұмысымен танысты.

Президентке кәсіпорынның өнімдері таныстырылып, құрылыс материалдары өндірісінің технологиялық процесі көрсетілді. Мұнда 250-ден астам адам жұмыс істейді. Компанияның жобаға салған жеке инвестициясы 3,8 миллиард теңге. Зауыттың қуаты жылына 475 мың шаршы метр шыны пакет шығаруға жетеді.

Бұдан әрі Мемлекет басшысы Алматыдағы жеңіл автомобильдер шығаратын қазақстандық «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытының іске қосылуға дайындығын тексерді.

Сондай-ақ ҚР Президенті Республика алаңындағы қайта жөндеуден өткен «Алмалы» демалыс аумағын аралап көрді. Жаңартылған аумақ бірнеше бөлікке, атап айтқанда, балаларға және мәдени ойын-сауыққа арналған аймақтарға бөлінген. Алаңға қазақ суретшілері салған мүсіндер қойылып, ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.

Қазақстан Президенті сапар барысында Алматыдағы көпфункционалды «SEN» музыкалық орталығына да барды. Мемлекет басшысына онда оқушылардың қашықтан сапалы оқуын және кезекші сыныптарды ұйымдастыру, сондай-ақ, мұқтаж оқушыларды планшетпен, ноутбукпен және компьютермен қамтамасыз ету жөнінде берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндалды.



Жоғары қарай