Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚР БҒМ комитеті күні бойғы жұмысқа тартылған 14 жасөспірімді анықтады

2021 жылдың 25 маусым 2021 14:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметкерлері кәмелетке толмаған 14 балаға қатысты еңбек заңнамасын бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрлік мәліметіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбек шартын жасамастан 14 жасөспірімді жұмысқа тартып, олар күні бойы еңбек еткен.

Қазір елде балалар еңбегін қанауға қарсы ұлттық ақпараттық науқан өткізілуде.

«Ақпараттық науқан еліміздің барлық өңірінде жүргізілді. Түсіндіру жұмыстары барысында Түркістан, Қарағанды және Ақмола облыстарында балалар еңбегін заңсыз пайдалану фактілері анықталды. Дәмханада даяшы және құрылыс алаңдарында жұмысшы болып еңбек еткен 14 жасөспірімнің құқығы бұзылды. Жұмыс берушілер оларды заңсыз негізде толық жұмысқа тартқан. Заң бойынша 14 пен 18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленуі керек. Сондай-ақ жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен еңбек шарттары жасалмаған», – деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Балаларды еңбекке заңсыз тарту фактілері анықталғаннан кейін жұмыс берушілермен және кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес, 14 жасқа толған оқушыларға оқудан бос уақытта денсаулығына зиян келтірмейтін жұмыстарды орындауға рұқсат етіледі. 14-16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағаттан, 16-18 жастағы жасөспірімдер аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі қажет. Бұл ретте, жұмыс беруші кәмелетке толмаған баланың өзімен, оның ата-анасымен, қамқоршысымен немесе бала асырап алған ата-анамен еңбек шартын жасауға міндетті.


Жоғары қарай