Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

ҚР әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі: Заңнамаға қандай өзгерістер енгізілді

2020 жылдың 4 тамыз 2020 15:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сот қызметіне тың серпін беретін тағы бір заң - биылғы 29 маусымда Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі».

Заңда көрсетілгендей, сот алдағы уақытта әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қалмайды. Атап айтқанда, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы.

Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Бұрынғы заң бойынша судьяға ондай құқық берілмейтін. Судья іске байланысты өз пікірін айтуға тиіс емес болатын.

Тағы бір жаңашылдық. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.

Заңда «Татуластыру рәсімдері» кеңінен қолданылады. Егер тараптар дауды татуласу, медиация не партисипативтік жолмен шешуге тоқтаса, онда келісім жазбаша түрде жасалады. Оған екі жақ немесе олардың өкілдері қол қояды. Судья тараптардың татуласуы үшін қажетті шаралар қабылдай алады, дауды процесс барысында реттеуге көмектеседі.

Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім бойынша келісім не оның шарттары заңға қайшы келген жағдайда, сот оны бекітпей тастайды. Сондай-ақ, адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын келісімдерге де жол берілмейді.

Дауласушы тараптар өзара татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімге келісім бермесе немесе сот келісімнің шарттарын бекітпесе, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.

Заң тараптардың өзара келісімге келуін, бір-бірімен татуласуын басты шарт ретінде қарастырады. Бұл мысалдар жаңа Заңның гуманитаралық бағытын, заңнаманы одан әрі ізгілендіру ісінің нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Бір айта кетерлік жайт, осы Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Нұрлан ҚАЛҚА


Басты сөздер: Заң, Сот,
Жоғары қарай