Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚПЛ: «Тобыл» үздік үштікке ілігу мүмкіндігін қиындатып алды

2019 жылдың 30 қазан 2019 21:01

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатындағы кейінге қалдырылған 25 және 28-тур ойындары өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын 25-турдағы «Оқжетпес» пен «Астана» арасындағы кездесуде елордалықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті . Нәтижесінде 66 ұпай жинаған олар турнир кестесінде көш басына шықты. «Астана» өздерінен бір ұпай кем жинаған басты қарсыласы - Алматының «Қайратын» артқа тастады. Алдағы екі ойын қай команданың чемпион болатынын шешеді.

Ал 28-турдағы бір ойында Қызылорда қаласында жергілікті «Қайсар» мен Қостанайдың «Тобыл» командалары шеберлік байқасты. Бұл кездесуде жеңіске жету алаң иелерінен гөрі «Тобыл» ауадай қажет еді. Десе де ойын қостанайлық клуб ойлағандай өрби қойған жоқ. Кездесудің 40-минутында «Қайсардың» капитаны Асхат Тағыберген қарсыластар қақпасын дәл көздеп, өз командасын алға шығарды.

Екінші кезеңде екі команда да алма-кезек шабуылға шықты. Соған қарамастан ойын соңына дейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Кездесудің 93-минутында төреші «Қайсардың» футболшысы өз айып алаңында қарсыласын шалып жықты деген шешім қабылдады. Нәтижесінде алаң иелері қақпасына пенальти белгіледі. Оны «Тобылдың» капитаны Азат Нұрғалиев мүлт жіберген жоқ. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.

Айта кетерлігі, «Тобыл» командасы жүлделі орынның біріне ілігуге күш салуда. Олар үшінші орын үшін Шымкенттің «Ордабасы» командасымен тартыс жүргізіп келеді. Енді екі клубтың да өткізген ойыны мен жинаған ұпайы теңесті. Қайсысының жүлдегер атануы алдаы екі тур барысында өз шешімін табатын болады.

Бұл турдағы тағы бір кездесу елордада Қарағандының «Шахтері» мен «Атырау» командалары арасында өткізілді. Бұл кездесуде «Атырау» сапынан Петр Гжельчак 20-минутта гол соқты. Ойында «Атырау» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Енді олардың 10-орындағы «Таразбен» жинаған ұпайы бірдей. Екеуінде де 26 ұпайдан бар. Ережеге сәйкес соңғы екі орын алған командалар бірінші лигаға бірден түсіп қалады. Ал 10- орынға тұрақтаған команда бірінші лигада үшінші орындағы клубпен Премьер-лигадағы тағы бір орын үшін тартысқа түседі. Ол аталмыш екі команданың бірінің үздіктер қатарында қалу мүмкіндігін арттыра түседі.

Енді 32-тур ойындары 3 қараша күні өткізіледі. Бұл күні «Атырау» мен «Ордабасы», «Ақтөбе» мен «Шахтер», «Тобыл» мен «Астана», «Тараз» бен «Қайсар», «Оқжетпес» пен «Жетісу», «Ертіс» пен «Қайрат» командалары кездеседі.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай