Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 411.66
EUR 465.92
RUB 5.81
CNY 58.79

ҚПЛ: «Тобыл» өз алаңында «Ордабасыдан» жеңіліп қалды

2019 жылдың 20 қазан 2019 19:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 30-турындағы үш ойын өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі алғашқы ойын Қостанай қаласында болды. Жергілікті «Тобыл» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдады. Бұл кездесуде шымкенттік клуб 2:1 есебімен жеңіске жетті. Алдымен 31-минутта «Тобыл» футболшысы Азат Нұрғалиев есеп ашты. Одан кейін 37-минутта «Ордабасы» сапынан Жоао Паоло таразы басын теңестірсе, 51-минутта шымкенттік тағы бір футболшы Зики Бадибанга қорытынды есепті белгіледі. Бұдан кейін «Тобылдың» чемпиондыққа қол жеткізу мүмкіндігі азайды. Ал «Ордабасы» үшін үздік үштікке кіру мүміндігі артты.

Ал «Тараз» бен Қарағанды қаласында өткізілген ойында есеп ашылған жоқ. Қос команда тең нәтижеге қанағат білдірді.

«Ақтөбе» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесіне» 1:2 есебімен жол берді. Кездесу барысында көкшетаулық команда сапынан Данило Алмейда 35-минутта өз командасын алға шығарса, 38-минутта ақтөбелік шабуылшы Маркос Пиззели таразы басын теңестірді. Жеңіс голын 48-минутта «Оқжетпес» қатарынан Артем Дмитриев соқты.

Бұл турдағы екі ойын кеше, 19 қазанда өткізілді. Өз алаңында Павлодардың «Ертісі» Қызылорданың «Қайсарын» 2:1 есебімен жеңсе, «Атырау» Талдықорғанның «Жетісуына» 0:3 есебімен жол берді.

Бұл турды бүгін елордадағы «Астана» мен Алматының «Қайраты» арасындаы кездесу қорытындылайды. Ойын елорда уақытымен 20.00-де басталады. Мамандар аталмыш кездесуде чемпиондыққа қай команданың қол жеткізу мүмкіндігі артатыны анықталады деп жорамал жасап отыр.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай