Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Көзге көрінбейтін нәрсемен күресу оңай емес – дәрігер

2021 жылдың 12 маусым 2021 09:01

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавируспен күресте өздеріне қауіп төндіре жүріп, өзгелердің өмірі үшін жанталасқан медицина қызметкерлері аз емес. Солардың бірі - санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Меруерт Атамбаева. ҚазАқпарат тілшісінің өз ісінің маманымен сұхбаты індетпен күрес, сондай-ақ сын сағаттардағы дәрігерлердің жанкешті еңбегі жайында.

- Меруерт Елеусізқызы, алдымен инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің жұмысына тоқталып өтсеңіз.

- Бөлім инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу, таралуының алдын алумен күреседі. Жұмысымыз өте көп, әсіресе қазіргі таңда коронавирустық инфекцияның тізбегін, адамнан адамға таралуын тоқтату, яғни инфекция көзін тауып, оқшаулау, қарым-қатынаста болғандарды анықтап, оларды оқшаулау бойынша тыным таппаймыз. Сонымен қатар халық арасында санитариялық-ағартушылық жұмыстарын жүргізумен де айналысамыз. Ол тек коронавирусқа ғана емес, кез келген инфекциялық, паразиттік ауруларға да қатысты. Табиғаттың заңына байланысты әр аурудың өз эпидемиялық маусымы болады. Мысалы қазір бізде ішек инфекцияларының эпидемиялық маусымы басталды. Жаз айларында ішек инфекциялары тез таралып, тез көбейеді. Ол үшін адамдар жеке бас гигиенасын сақтап, су қоймаларында шомылған кезде барынша мұқият болғаны жөн. Көкөністер мен жеміс-жидектің пісетін кезі жақындап қалды. Жемес бұрын ыстық қайнаған сумен бір өңдеп алу керек. Өйткені оны су құбырындағы сумен жуған кезде ондағы микробтар мен инфекция жойылмауы мүмкін.

Кене энцефалитінің де қазір эпидемиялық маусымы басталды. Сол себепті халық арасында қазір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, кенеден қалай сақтану керек, кене шағып алған жағдайда не істеу керектігі жөнінде ақпарат береміз.

- Коронавирус пандемиясымен күресіп жатқандарыңызға жылдан асты. Үнемі алғы шепте жұмыс істедіңіздер. Қиындықтар да аз болмаған шығар...

- Науқастардың саны көбейіп кеткен кезде жұмыста қонуға тура келген күндер болды. Сырқаттарды анықтап, оларды оқшаулап, ауруханаға жатқызуды ұйымдастырып, олармен қарым-қатынаста болғандарды анықтап, карантинге отырғызып, карантиндік шараларды ұстауын және карантинде болуын қадағалау оңай шаруа емес. Сондықтан медицина саласының, соның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық салаға пандемияның бірінші

толқыны ауыр соққы болды. Өйткені оның алдында біз пандемиямен бетпе-бет келген жоқпыз. Бұл біздің алғашқы тәжірибеміз еді.




- Осы саланы неге таңдадым екен деп өкінген сәтіңіз болды ма?

- Жоқ, өкінген емеспін. Керісінше, өз салам бойынша әрі қарай неге тереңдете оқымадым деген бір өкініш бар. Жолдасымның жұмысына байланысты менде оған мүмкіндік болмады. Бір орында тұрақтап жұмыс істегенде сол ойымды, сол арманымды жүзеге асырар едім.

Әр мамандықтың өз қиындығы бар. Ешқандай кәсіпті мен оңай деп айта алмас едім. Менің жұмысымның қиындығы – біз қашанда көзге көрінбейтін нәрсемен күресеміз. Қандай инфекция болса да ол көзге көрінбейді. Қазір біз коронавирус инфекциясымен күресіп жатырмыз, оны көзбен көрмейсің, қолмен ұстауға болмайды. Қазір бұл вирус әртүрлі мутацияға ұшырап өзгеріп жатыр. Аурумен күресу ешқашан да оңай болған емес. Алайда медицина саласының жылдан-жылға дамуының арқасында инфекцияларды жеңіп, алдын алып келе жатырмыз.

- Дәрігер мамандығын таңдауға не түрткі болды?

- Менің анам, мен оны үлгі тұтамын. Менің дәрігер болғанымды біріншіден анам қалады. Есімі Рысжан Әбдірахманқызы Таласбаева. Анам осы санитариялық-эпидемиологиялық салада 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп, Жамбыл облысы Жамбыл ауданында басқарманы басқарды. Қазір бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар. Бірлесу -Еңбек ауылында тұрады. Анамның қолдауымен, сол кісінің бағыттауымен осы салаға келдім.

Жалпы отбасында бес бауырмыз. Үлкен әпкем – мұғалім. Менен кейінгі сіңлім – бухгалтер болса, тағы бір сіңлім мен інім – ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Ол екеуі әкемнің жолын қуды. Әкем ұзақ жылдар бойы өсімдік қорғау саласы бойынша қызмет етті, қазір зейнеткер.

- Осы қиын уақытта Сізге қолдау көрсеткен жандар туралы айтып өтсеңіз?

- Қиын кезде қолдау білдірген отбасыма алғыс айтамын. Жолдасым менің жұмысыма түсіністікпен қарайды, демеп отырады. Кейде жұмыстың көптігінен уақытында шыға алмай, кешігіп, кейді тіпті қонып қалған кездер де болады. Екіншіден әріптестеріме алғыс айтамын. Өйткені «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой.

Барлығымыздың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білуіміздің арқасында қиындықты еңсердік.

- Отбасыңыз туралы айтсаңыз.

- Жолдасым әскери қызметші, шекара қызметінде қызмет атқарады. Осы салада еңбек етіп жүргеніне 15 жылға жуық. Тәжірибелі, өз ісіне адал маман. Мен оны мақтан тұтамын. Екі қызым, ұлым бар.




- Алда медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі келе жатыр. Әріптестеріңізге тілегіңіз.

- Медицина саласының қызметкерлеріне, өз әріптестеріме біріншіден денсаулық және отбасы амандығын тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Дәрігерлік анттарыңызға берік болып, жұмыстарыңыздың жемісін көріңіздер!

- Меруерт Елеусізқызы, әңгімеңізге рахмет!


Жоғары қарай