Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 405.66
EUR 454.70
RUB 5.71
CNY 57.43

Қоймада азық-түлік қоры жеткілікті –Атыраудағы супермаркет басшылары

2020 жылдың 13 наурыз 2020 18:39

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Кеше Атырау қаласындағы ірі супермаркеттерде азық-түлік сатып алушылар қатары мол болды. Тұрғындар әсіресе, жеке бас гигиенасына арналған құралдарды, ұн, макарон өнімдері мен консервіленген ет секілді азық-түліктерді көбірек сатып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл супермаркеттердегі тауар бағасына әсер етті ме? Супермаркеттерде азық-түлік қоры жеткілікті ме? Бүгін супермаркеттер басшыларынан осы сауалдарға жауап алуға тырысқан едік.

«Кеше бізді әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тез әрі көбірек сатылғаны таңқалдырды. Бұған не себеп болғанын білмеймін. Алдын ала «баға өседі» немесе «тауарлар таусылып қалады» деген хабарлама болған жоқ. Біздің тауар тасымалдаушылармен тұрақты байланысымыз бар. Қоймамызда да азық-түлік қоры жеткілікті. Осы мәселеге орай біз тауар жеткізушілермен байланысқа шықтық. Алайда, өнім жеткізушілер әзірге бағаның өспейтініне сендірді. Сондықтан, «қолдан жасалған» байбаламның неден пайда болғанын түсінбедік. Бәлкім, АҚШ доллары бағамының көтерілуі себеп болған шығар» -дейді «Идеал» және «Лидер» дүкендер желісінің коммерциялық директоры Раиса Галочкина.

«Сатылым көлемі өскені рас. Әсіресе кеше 10 пайызға көтерілгені байқалды. Бірақ, бұл дүрбелеңге негіз бола алмайды. Бізде азық-түлік өнімдері ғана сатылады. Ал, әлеуметтік желілердегі байбаламның туындау себебін білмедім» -деді «Анвар» ЖШС Атырау филиалы директорының орынбасары Айтқали Мырзағалиев.

«Біздің көтерме саудамен айналысатын дүкенімізде сатылым көлемі артты. Ал, өзге желілік дүкендерімізде сауда әдеттегідей жүріп жатыр. Халықтың асығыс қимылдап, тауарды көбірек сатып алуынан пайда табуды көздемейміз. Керісінше, жұртшылыққа бағаның өспейтінін, тауардың жеткілікті екенін түсіндіріп жатырмыз. Біздің бағаның қолжетімді болуы үшін әлеуметтік маңызы бар тауарларға жасаған жеңілдіктеріміз 24 наурызға дейін жалғасады. Демек, тұрғындардың азық-түлікті көбірек сатып алуға асықпағаны жөн. Сондықтан, меніңше, бәрін бір сәтте алу жөн емес. Жалпы, келілеп сатылған жарма, макарон өнімдері өтімдірек болды.

Егер тауар тасымалдаушылар бағаны көтерсе ғана келісімшартқа сай біз де өсіруіміз мүмкін. Онда да 14-30 күнгі аралық сақталады. Тауардың өтіміне қарай қымбаттатуға жол бермейміз. Негізінен бағаны тұрақты сақтауға тырысамыз. Санкцияланбаған өсімді болдырмаймыз» -деді «Ярмарка» сауда үйі» ЖШС-нің коммерциялық директоры Әлия Буканова.

«Иә кеше бізде де азық-түлікті сатып алушылар қатары көп болды. Соған қарамастан, біздің қоймамызда тауар қоры жеткілікті. Кассалар қалыпты режімде жұмыс жасауда. Тауар қоры тез таусылады деуге еш негіз жоқ» -деді «Марко» ЖШС-нің баспасөз хатшысы Сымбат Теміржанова.


Жоғары қарай