Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қостанайлық полицей алғашқы медициналық көмек көрсетіп, адам өмірін сақтап қалды

2020 жылдың 20 қазан 2020 16:19

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Рудный қаласының учаскелік инспекторы Айдос Құлымбетов қала тұрғынына алғашқы медициналық көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аман қалған азаматтың жұбайы Светлана Комиссарова полиция қызметкеріне ризашылығын білдірді.

«Жолдасым екеуміз таңертең жұмыстарымызбен көшеге шықтық. Пионерская мен Дзержинский көшелерінің қиылысында ол қатты ауырып, есінен танып қалды. Мен қатты шошыдым, себебі мұндай жағдайда не істеу керектігін білмедім», - дейді С.Комиссарова оқиға туралы.

Осы сәтте учаскелік полиция қызметкері жеке көлігімен өтіп бара жатқан. Ол жағдайды тез бағамдап, есінен танған азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Есін жиған ол тәртіп сақшысының көлігімен ауруханаға жетеді.

«Қазір менің күйеуім ауруханада, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ дәрігерлер егер полицейдің уақтылы әрекеті болмағанда, оның салдары қайғылы аяқталуы мүмкін екенін айтты. Айдос Құлымбетовке күйеуімнің өмірін құтқарғаны үшін алғысым шексіз», - деп атап өтті Светлана Комиссарова.

Айдос Құлымбетов полицияда 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол бұған дейін де кісі өміріне араша түскен. 2018 жылы ҚР Ішкі істер министрінің қолынан тұрғындарды өрттен құтқарғаны үшін «Ерлігі үшін» медалін алды.

«Бұл менің жұмысым, кез келген жағдайда адамдарға көмектесу - басты міндетім», - дейді полицей.


Жоғары қарай