Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Қостанайда 143 адам қызылша жұқтырған

2019 жылдың 23 сәуір 2019 19:14

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат - Қостанай облысында қызылша ауруын жұқтырғандар қатары артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Орал Бекмағамбетовке сілтеме жасап.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде қызылшамен сырқаттану жағдайы күрделене түсті.

«Осы жылдың қаңтар айынан өңірімізде 143 жағдай тіркелді. Сырқаттанғандардың 33%-ы - 1 жасқа дейінгі балалар, 30%-ы - 1 жастан 14 жасқа дейінгі балалар, қалғандары - ересек балалар. Зардап шеккендердің ең көп үлесі Қостанай қаласына тиесілі. Мұнда 101 адам ауру жұқтырған. 6 адам - Рудный қаласы мен Жангелдин ауданында, 11 адам Қостанай ауданында тіркелді», - деп мәлім етті О. Бекмағамбетов.

Облыста қызылшаға қарсы қосымша иммундау басталды. Осы үшін өңірге 12 мың вакцина келіп түсті.

«9-10 айлық балаларды, сырқаттанғандармен байланыста болған адамдарды, медицина қызметкерлерін вакцинациялау басталды. Осыған байланысты ата-аналарға балаларды вакцинациялаудың маңыздылығы мен қауіпсіздігі туралы ақпаратты түсіндіру бойынша бірлескен жұмыс қажет»,- деді басқарма басшысы.

Қазіргі уақытта Астанада, Ақмола облысында және бірқатар өңірде қызылша аурушаңдығы деңгейінің артқаны байқалып отыр. Сондықтан, дәрігерлер ата-аналарға әзірге бұл өңірлерге бала ертіп барудың қажеті жоқ екенін ескертеді. Қызылша - өте кең таралған инфекциялық ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Оның белгілері - дене қызуының көтерілуі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығы қабынып, теріде бөртпелердің пайда болуы. Аурудың инкубациялық кезеңі 7-ден 21 күнге дейін созылады. Асқынып кетсе, қайғылы жағдайға, не баланы мүгедектікке әкеп соқтыруы мүмкін. Әрі бұл дертпен балалар ғана емес, ересектер де сырқаттануы мүмкін дейді дәрігерлер. Елімізде өткен жылдың қараша айынан бастап 968 расталған қызылшаның жағдайы тіркелген, оның ішінде 80%-дан астамы 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Ал, сырқаттардың 67%-ы - қызылшаға қарсы екпе қабылдамағандар.

Жоғары қарай