Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қостанай полицейлері митингілер туралы жаңа заңнамамен танысты

2020 жылдың 5 маусым 2020 13:13

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайлық полицейлер митингілер туралы жаңа заңнамамен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысы бастығының міндетін атқарушы Нығмет Исмағұлов тәртіп сақшыларына «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заңның талаптарын түсіндірді.

«2020 жылдың 25 мамырында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы Заңға қол қойды. Қабылданған жаңа Заң 6 маусымда күшіне енеді.

Полицейлердің басты міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету. Полиция қызметкерлері үшін азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау маңызды. Митингке қатысушылар тарапынан түрлі құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажет, іс-шаралар заң нормаларына сәйкес жүргізілуі тиіс», - деп атап өтті Н. Исмағұлов.





Сонымен, қоғамдық тәртіп бұзылмаса және азаматтардың тыныштығына кедергі келтірмесе, митингтерге жол беріледі. Жиналысты өткізу үшін ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы органға өтініш беруі қажет. Бұл ретте бейбіт жиналыстар арнайы орындарда өткізілуі тиіс.

«Митингке қатысушыларға халықты Конституция мен заңдарды бұзуға шақыруға, жаппай тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа шақыруға тыйым салынады. Алауыздық отын тұтатуға, билікті басып алуға шақыруға, көліктің немесе азаматтардың қозғалысына кедергі жасауға болмайды», - деп еске салды полиция полковнигі.

Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша Мемлекеттік органдардың жұмысына кедергі келтіруге, киіз үйлер мен шатырлар орнатуға да рұқсат жоқ. Митингке қатысушыларға өзімен суық қаруға және алкогольді ішімдіктер алып жүруге тыйым салынған. Н.Исмағұлов атап өткендей, елімізде карантин әлі сақталады. Карантин кезеңінде елде бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде митингілерді өткізуге шектеу қойылған.


Жоғары қарай