Ауа райы
Астана -15 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қостанай полицейлері анасымен ұрсып қалып, газға уланып өлмек болған әйелді құтқарды

2020 жылдың 28 қараша 2020 18:21

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай ауданында суицид жасауға оқталған әйел құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қостанай ауданында тұратын 33 жастағы әйел гараж ішінде тұншықтырғыш газдан уланып өлмек болған. Бұл туралы оның Қостанай қаласында тұратын анасы облыстық ПД жедел басқару орталығына хабарлаған. Хабарлама алған Тобыл қаласының патрульдеу тобының лейтенанттары Амангелді Сыздықов пен Мүсілім Исабаев тиісті мекенжайға барды» делінген ведомство хабарламасында.

Тәртіп сақшылары үйдің ауласын қарап шығады. Сәлден соң жабық гараждан машинаның жұмыс істеп тұрған қозғалтқышының дыбысын естіген. Терезе арқылы полицейлер жүргізуші орындығында отырған әйелді көреді.

«Ойлануға уақыт болмады, полиция қызметкерлері терезені сындырып, газға уланғысы келген қызды сыртқа шығарды. Осы уақытта қыздың анасы оқиға орнына жетіп үлгерді», - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Осылайша дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде тәртіп сақшылары өзіне қол жұмсау әрекетінің алдын алды. Қызының мұндай қадамға анасымен ұрысқаннан кейін барғаны анықталды.

Полиция қызметкерлері екі әйелмен профилактикалық әңгіме өткізіп, үйлеріне апарды. Аман қалған әйелдің анасы Валентина Алексеевна тәртіп сақшылары Амангелді Сыздықов пен Мүслім Исабаевтың атына алғыс хат жазды.


Жоғары қарай