Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Қостанай обылысының ауыл тұрғындары маска тігіп, тегін таратуда

2020 жылдың 19 наурыз 2020 19:52

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысы Амангелді ауданының тұрғындары бетперделер тігіп, халыққа таратуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін дәріханаларда медициналық маскалар тапшылығы сезілуде. Бұл жағдай облыстың оңтүстік аудандарын да айналып өткен жоқ. Осы орайда Амангелді ауданының тұрғындары медициналық бетперде тігіп, халыққа таратуда. Аудан әкімі Әмірхан Асановтың ұсынысымен, жергілікті тігіншілікпен айналысатын кәсіпкерлер бетперде тігуді қолға алды. Қазір ауданда 17 адам осындай медициналық бетперде тігумен айналысуда. Олардың арасында грант ұтып алған кәсіпкерлер де бар. Тігіншілер қазір 2000-ға жуық масқа дайындады. Жалпы бір күнде 1000-1500 бетперде дайындауға қауқарлы. Мәселен, Амангелді ауылының тұрғыны Жаңагүл Хамзина екі күн ішінде 210, Данаш Сұлтанова 187 бетперде тіккен. Кей бетперделердің бағасы 100 теңгеден сатылуда. Көп балалы отбасыларға тегін беріледі.


Гүлім Ғиуазқызы басқаратын «Қаламқас» балабақшасы ұжымы тігіншілері де бетперде тігіп, халыққа ұсынып жатыр. Бұл іске мәдениет саласының өкілдері де атсалысуда. Үрпек ауылдық округіне қарасты Қосжан елді мекенінің кітапханашысы Бижамал Әубәкірова 80 данадан астам медициналық маска тігіп, ауыл тұрғындарына тегін таратты. Амантоғай, Ағаштыкөл, Байғабыл, Қарасу ауылдары да бастамаға қолдау білдірді. «Елдегі төтенше жағдай кезінде бос отырмай, қолымыздан келген көмегімізді аямауға тырысып жатырмыз. Көп өңірде медициналық бетперделер жетпей жатыр. Осы уақытта сәл де болса, үлес қоссақ дейміз. Бұл жұмыстарды жалғастыра береміз», - дейді әуесқой тігіншілер.

Қысылтаяң шақта тұрғындарға жәрдем тигізген тұрғындарға Амангелді ауданының әкімдігі алғысын білдірді.

Айта кетейік, ауданда арнайы құрылған комиссия мүшелері адам көп шоғырланатын орындарды бақылауға алған. Төтенше жағдайға байланысты кезекшілік ұйымдастырылып, сақтық шараларына айрықша назар аударылуда. Көшеде студент жастар мен оқушылардың бос жүрмеуі бақылауға алынған. Аудан әкімдігі, пошта, ХҚКО бөлімшелері, сауда орындары антисептикалық заттармен толық қамтылды.






Жоғары қарай