Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қостанай облысының 40 ауылы кең жолақты интернетке қосылды

2020 жылдың 26 қараша 2020 22:36

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақтелеком» компаниясының жұртшылықпен байланыс қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін жоғары жылдамдықты интернет Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарының елді мекендеріне тартылған болатын. Жоба Қостанай облысында жалғасты. Өңірдегі талшықты-оптикалық байланыс желілерінің ұзындығы 937 шақырымды құрады. Қазір мемлекеттік органдар мен әлеуметтік нысандар жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Мәселен Қарасу ауданында 43 шақырым байланыс желісі жүргізілген. Ауданның Қарамырза ауылында 800 адам тұрады. Тұрғын үйлерден тыс, мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, ауылдық әкімдік, ветеринарлық пункт және полиция бөлімшелеріне де сапалы интернет тартылды.

Қарамырза ауылындағы орта мектеп директоры Гүлшат Төлегенованың айтуынша, Қарамырзада 109 оқушы білім алады. Қазір педагогтардың жұмысы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жеңілдеген.

«Бұл оқу процесінің жақсаруына мүмкіндік береді. Мұғалімдер түрлі вебинарлар мен сабақтардың онлайн-трансляцияларына қосылуға, Bilimland электрондық-цифрлық білім беру платформасымен жұмыс істеуге дағдыланды. Kundelik электронды журналын толтыру мұғалімдер үшін қиындық тудырмады. Түлектер онлайн-тестілеу арқылы ҰБТ-ға дайындалып жатыр. Сынып жетекшілері интернеттен алынған ақпаратты қолдана отырып, сынып сағаттарын өткізе алады. Бұрын мұндай мүмкіндік болмаған еді», - дейді Гүлшат Төлегенова.

Талшықты-оптикалық байланыс желісі ауылдағы ветеринарлық пунктке де жетті. Қарамырзаның ветеринарлық дәрігері Ирина Киселева жоғары жылдамдықты интернеттің көмегімен «Ауылшаруашылық жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесінде оңай жұмыс істейтінін атап өтті.

Иә, жылдамдығы жоғары интернетке қосылу шалғай ауылдың тұрғындары үшін айтулы жаңалық. Бұдан бөлек, қарамырзалықтар «iDTV» цифрлық бағдарламасы арқылы 120 отандық арнаны тегін көре алады.

Жалпы Қостанай облысында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы 40 ауылда аяқталды. Нәтижесінде 129 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымдар жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді.


Жоғары қарай