Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қостанай облысында металл сынығын өңдейтін зауыт салынбақ

2020 жылдың 11 наурыз 2020 22:32

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында металл сынығын қайта өңдеу зауыты салынады. Бұл туралы қала және аудан әкімдерімен өткен кеңесте облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстағы ауқымды жобаны «Оператор РОП» ЖШС іске асырады.

«Бұл ескі машиналар мен ауыл шаруашылығы техникаларын қабылдайтын металл сынықтарын өңдейтін зауыт болады. Зауыт Қарағанды қаласының үлгісінде жасалады. Мен аталмыш ЖШС-мен келіссөздер жүргіздім. Келесі аптада олардың келуін күтеміз, меморандумға қол қоямыз. Зауыт индустриялық аймақ аумағында салынатын болады», - деді Архимед Мұхамбетов.

Өңір басшысының сөзінше, қазір ауыл шаруашылығы машиналарын жасау жақсы дамып келеді. Ескі техниканы қайта өңдеуге болады. Зауытты салуға 2-3 млрд теңге жұмсалады деп күтілуде. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде талқыланған.

Жалпы, облыс аумағында жыл сайын 250 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болады. Былтыр өңірде 40 полигон жойылып, алты кәсіпорын қалдықтарды өңдеуге қатысты. Аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне рұқсат етілмеген полигондардың алдын алу, ал заң бұзушылықтарға жол бергендерді жауапқа тартуды тапсырды.


Жоғары қарай