Ауа райы
Астана -28 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қостанай облысында карантинге қарамастан той өткізетіндер азаймай тұр

2020 жылдың 28 қараша 2020 19:53

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Коронавирус індетінің таралуын болдырмау мақсатында өңірде мониторинг топтардың жұмысы қайта күшеймек. Шектеу шаралары эпидемиологиялық жағдай тұрақталған кезде ғана жеңілдейді. Бұл туралы облыс әкімдігі жанынан құрылған өңірлік штабтың отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік штабтың отырысында қалалар мен аудандардағы эпидемиологиялық ахуал баяндалды. Коронавирус індетіне шалдыққандардың дені - Қостанай қаласының тұрғындары. Сондықтан облыс орталығындағы рейд шаралары әзір тоқтамайды.

Алайда карантип талаптарын бұзу деректері де азаймай отыр. Қостанайлықтар шектеу шараларына қарамастан той өткізіп, отбасылық отырыстар жасап келеді. Осы аптаның өзінде карантин режимін бұзудың жүздеген дерегі анықталды.

Бұған қоса таксилердің арасында да шектеудің бұзылуы тыйылар емес. Бас дәрігердің қаулысын елемей түнде жолаушы тасымалымен айналысқан 38 такси жүргізушісі анықталды.

«Облыста бір аптада 700-ге жуық рейд өткізіліп, карантин талабы 405 мәрте бұзылған. Науырзым, Амангелді, Қамысты аудандарында мониторинг топтардың жұмысы жеткіліксіз ұйымдастырылған. Ережені ескермей, отбасылық мереке жасаудың 4 дерегі Қостанай қаласында тіркелсе, Жангелдин ауданында – 2, Әулиекөл, Қостанай, Меңдіқара аудандарында - 1 факті анықталды. Бейімбет Майлин ауданындағы мониторинг тобы Новоильинов ауылында ас беру рәсімінің үстінен түсті. Отбасылық іс-шараға 15 адам қатысқан, қонақтардың біразы Лисаков қаласынан арнайы келген», делінген Өңірлік штаб ақпаратында.

Осыған байланысты облыстың аудан-қалаларындағы мониторинг топтардың жұмысы қайта күшеймек. Шектеу шаралары эпидемиологиялық жағдай тұрақталған кезде ғана жеңілдейді.

Көпшілік жиналатын орындар және автобус аялдамаларында қауіпсіздік шараларын сақтау ережелері жазылған жадынамалар ілінеді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта облыста науқастарды емдеу ісіне 19 стационар жұмылдырылып, онда 967 төсек-орын әзірленген. Қажеттілік туындаған жағдайда төсек-орын саны 3 мыңға жетеді.


Жоғары қарай