Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қостанай облысында карантин талаптары күшейтілді

2020 жылдың 19 қазан 2020 19:11

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысы аумағында карантин шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Қостанай облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері В. Нечитайло қаулысына сәйкес 20 қазан сағат 00:00-ден бастап енгізілетін карантиндік шаралар төмендегідей:

1) ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ жаппай корпоративтік және басқа да іс-шараларды өткізу үшін жеке меншік үйлер мен құрылыстарды жалға алуға тыйым салынады;

2) ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, кальян, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалардың ойын алаңдары мен аттракциондары, батуттар және басқалар), кинотеатрлардың (ашық ауадағы кинотеатрларды қоспағанда), букмекерлік кеңселердің қызметіне тыйым салынады;

3) фудкорт, банкет залдарының қызметіне тыйым салынады;

4) ашық ауадағы аттракциондардың, аквапарктардың қызметіне тыйым салынады;

Бұдан бөлек, санитария ережелері сақтала отырып, бірқатар нысанның қызметіне рұқсат беріліп отыр:

1) белгіленген талаптарды сақтай отырып және ұжымдық іс-шаралар өткізбей діни объектілердің (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және т. б.) қызметіне;

2) мәдениет объектілерінің (30 адамнан аспайтын жеке, топтық дайындықтар), кітапханалардың, мұражайлардың қызметіне;

3) облысішілік автобус, шағын автобус жолаушылар тасымалдарына;

4) қоғамдық көліктің қауырт сағаттарда желіге барынша шығуымен, отыратын орындардың саны бойынша толтырылуымен, соңғы аялдамада дезинфекциялық құралдармен міндетті түрде өңделуімен, барлық есіктерді ашумен, жолаушыларды қоғамдық көлікке қорғаныш маскаларынсыз жібермеумен қалалық қоғамдық көліктің жұмысына;

5) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, толымдығы 30% аспайтындай, 1 келушіге кемінде 4 шаршы метрден келетіндей сауда және сауда, ойын-сауық орталықтарының, кешендердің, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, азық-түлік емес және жабық азық-түлік базарларының қызметіне;

6) СПА-орталықтар, сұлулық салондары, косметикалық және косметологиялық қызметтер көрсететін орталықтар мен салондар, маникюр және педикюр қызметтері, массаж салондары, солярийлер қызметіне (алдын ала жазылу бойынша 1 келушіге 4 ш. м. есебінен).

Бұдан бөлек, коммуникациялар желісіне және техникалық құрылғыларға қолдау көрсететін қызметкерлер үшін карантиндік аймақта жүріп-тұруға рұқсат беріледі.

Мәлім етілгендей, өңірде шектеу шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетіледі.

Қаулының орындалуына аудандар мен қалалар әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, құқық қорғау және арнайы органдар, кәсіпкерлік субъектілері жауапты.



Жоғары қарай