Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қостанай облысында дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры бар

2020 жылдың 22 шілде 2020 21:12

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын барысында коронавирустық инфекцияға байланысты мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралардың тиімділігі қаралды. Бүгінде өңірдегі медициналық ұйымдарда COVID-19 емдеу хаттамасымен ұсынылатын дәрі-дәрмектердің 2 айлық қоры бар. Сондай-ақ, жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету жағдайы тұрақтанды, ол да 2 айға жеткілікті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, инфекциямен жұмыс істеуге тартылған медициналық ұйымдар оттегі құрылғысымен толық қамтамасыз етіледі. Жақын арада АҚШ, Түркия, Қытай және Ресей өндірісінің 400-ден астам оттегі концентратын жеткізу жоспарланған. Олар облыстың 4 ауруханасына (облыстық аурухана, Қостанай және Рудный қалалық ауруханалары, Тобыл қаласының туберкулезге қарсы диспансері) орталықтандырылған жүйе арқылы үлестіріліп беріледі. Бүгін оттегі концентраторларының бірінші партиясы келіп түсті.

«Карантиндік шаралар сақталмаған жағдайда барлық қабылданатын шаралар тиімсіз болып отыр. Мұны әртүрлі салалардан байқап отырмыз. Мониторинг топтары профилактикалық, эпидемияға қарсы және карантиндік іс-шараларды сақтау бойынша әр түрлі меншік нысанындағы 1210 нысанды тексерді. Оның ішінде 22 объектіде (2%) санитарлық-дезинфекциялық режимді бұзу анықталды, 22 демалыс орнына айыппұл салынды. Мемлекеттік органдардың басшылары КВИ-мен күрес бойынша тиімді шаралар қабылдауы керек. Жағдайды ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын», - деді Архимед Мұхамбетов.

Облыста жедел жәрдем станциясы күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Сондай-ақ, халықтың шақырулары тәулігіне орташа есеппен 5%-ға төмендеген.


Жоғары қарай