Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қостанай облысына 20 тонна дәрі-дәрмек жеткізілді

2020 жылдың 16 шілде 2020 01:11

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бүгін Қостанай облысына Ресей мен Қытайдан гуманитарлық көмек келді. Мамандар дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдарын емханаларға бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы дәрілік саясат және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді үйлестіру бөлімінің басшысы Гүлнар Оспанова атап өткендей, мамандар шет елдерден келген гуманитарлық көмекті қабылдап, тексеріп алды. Ең бастысы КВИ-мен күресте қолданылатын «Фавипиравир» емдеу препараты келді. Бұл дәрі Қазақстанға бірінші рет әкелініп отыр.

20 тонна дәрі-дәрмек облыс орталығындағы «Іңкәр» серіктестігіне тапсырылды. Қазір серіктестік қоймасында аса зәру дәрінің 23 түрі бар. Мәселен, мұнда бір ғана парацетамолдың 35 мың қаптамасы тұр. Цефтриаксон, азитромицин, левофлоксацин, новокаин, антигриппин, анальгин, зитмак, кардиомагнил, ксарелто сияқты дәрілер кешеден бері дәріханаларға таратылып жатыр.

Жалпы, Қостанай облысында 281 дәріхана бар. Бүгіннен бастап соның бәріне жедел түрде дәрі жеткізіліп жатыр. Ең бірінші кезекте облыс орталығынан шалғай орналасқан Арқалық, Амангелді, Жангелді, Жітіқара аудандарын әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмекпен қамту міндеті тұр. Жаңа келіп түскен дәрілердің бағасы мамандардың бақылауында.

Облыста COVID-19 вирусын анықтайтын 5 зертхана жұмыс істеуде. Бүгінде «Ұлттық сараптама орталығы» филиалында 3 зертхана және «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы үздіксіз жұмыс істеуде. 1 зертхана 29 млн теңге демеуші қаражатының есебінен сатылып алынғанын айта кеткен жөн. Бүгінге дейін жалпы саны 46 мыңға жуық зерттеу жұмыстарын жүргізген бұл зертханаларда тәулігіне 2 мыңға дейін талдау жасалады.

Індетке қарсы жүзеге асырылып жатқан кешенді іс-шаралар барысында аймақтағы емдеу мекемелерінде науқастарға арналған 1668 төсек-орын қойылды. Оның 584-і короновирус індеті нақты анықталған науқастарға арналған. Бұл төсек-орындарда қазір 260 адам жатыр, қалғаны бос тұр. Сондай-ақ, індет белгілері бар адамдарды оқшаулау үшін 1084 провизорлық төсек-орын дайындалды.


Жоғары қарай