Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Коронавирустың қауіпті екендігін өз басымнан өткізіп білдім – оралдық дәрігер

2020 жылдың 25 мамыр 2020 03:11

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Коронавирустың қауіпті ауру екендігін өз басымнан өткізіп білдім. Бұл туралы оралдық дәрігер Әділбек Нұрымбет мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзінің айтуынша, ол С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітіргеннен кейін 2011-2014 жылдары Қызылорда қаласында жұмыс істеген.

Әділбек 2014 жылдан бері Орал қаласындағы №4 емханада жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде еңбек етіп келеді екен. Ол сонымен қатар алты жыл бойы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында да түнде кезекшілік жұмыс атқарып, инфекционист ретінде маманданыпты.

Өзінің Facebook-тегі парақшасында жазғанындай, Оралда коронавирус көбейіп кеткеннен сәуір айының аяғында осы дертке шалдыққан науқастарды емдеуге шақырған.

«Дәрігер, оның ішінде инфекционист болған соң, тікелей борышым ғой деп дайындалып бардым. Барар алдында емханада COVID-19-ға ПЦР тапсырдым. Таза болған соң жұмысқа кірісіп кеттім. Қорғаныш киімдерін киіп, сақтық

шараларын сақтадық. Пациенттерді емдеп, барынша түсіндіріп жүрдік. Сол сәуір айының аяғында бірнеше медицина қызметкерінің (дәрігерлер, медбике, санитаркалар) коронавирус жұқтырғаны анықталды. Менен де алған. Таза болып шықты. Солармен тікелей қатынаста болдыңдар деп бізді Кумыскадағы провизорлық стационарға жатқызды», дейді ол.

Содан үш күн өткенде, дене қызуы 37.3°С-қа жоғарылап, басы, белі, буындары қатты ауырғаны соншалық, жаны көзіне көрінген. Түнімен құсып шыққан. Ертеңіне коронавирусқа тағы сынама алған. Сынама қорытындысында

коронавирус бары анықталып, 3 мамырда жұқпалы ауруханаға әкеп жатқызған.

«Қызуым 37,2-37,3 градус айналасында болды. Басым, буындарым, белім ауырғаны күшеймесе басылмады.

Басымды көтере алмадым. Шынымды айтсам, бес күн нәр татпадым. Тамаққа тәбетім мүлдем болмады. Өзім инфекционист болып жұмыс жасағанда қанша вирусты ауруларды емдей жүріп, арасында тұмаумен өзім де

ауырдым. Бірақ дәл осындай ауруды көрген емеспін.Температура 38,0-38,5 градус болғанда да парацетамол ішіп, жұмысымызды жалғастырып жүре беруші едік. Ал мына

ауруда бес күн басымды көтере алмадым. Оған жөтел мен кеудедегі қатты ауырсыну қосылды. Өкпені компьютерлік томографияға түсіргенде, екі жақты пневмония анықталды.

Қосымша тағы ем қосылды. 15 күн дегенде толық өзіме келдім. 24 күн жатып, екі рет сынама тапсырып, таза болған соң 24 мамыр күні ауруханадан шықтым. Карантин басталғанда, аяғы ауыр келіншегімді балалармен ауылға

жіберген едім. Коронавирус жұқтырып алғанымды әке-шешеме де, келіншегіме де айтпадым. Тек контактыда болғаным үшін карантинде жатырмын дедім. Себебі олар құр

басқа уайымдағаннан басқа не істей алады!? Тек шыққан соң ғана ауырып емделгенімді, уайымдаудың қажеті жоқ екенін айттым», деп жазады Ә.Нұрымбет басынан өткенін жасырмай.

«Айтайын дегенім, коронавирус басқа жұқпалы ауруларға ұқсамайды. Өте ауыр өтеді және ұзақ емделуді қажет етеді.

Қандай ауру болса да 7-9 күннен аспайтын. Қасымда жатқандарда да, бірге түскен медқызметкерлерде де менікіндей жағдай болды. Интоксикация, пневмония.

Сондықтан бұл ауруға немқұрайлы қарауға болмайды. Мен жатқанда бір жігіт түсті. Коронавирус жұқтырған науқаспен

қарым-қатынаста болған. Сынама алғанда, таза болып шыққан. Байланыста болғаны үшін 14 күн провизорлық стационарға жат дегенді тыңдамай, айқайласып, үйіне кетіп қалған. Бес күннен соң бүкіл отбасымен келіп түсті.

Барлығында температура, жөтел, интоксикация.

Қазір өзімде барлығы жақсы. Бірақ қатты ауырған кезімді ойласам, жүрегім ауырып кетеді.

Абайлайық, бауырлар, сақтық шараларын ұмытпайық!» деп түйіндеді ойын оралдық дәрігер.


Жоғары қарай