Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирустан сақтанудың оқшаулану мен тазалықтан басқа жолы жоқ - Бүркітқан Ақбайұлы

2020 жылдың 6 сәуір 2020 14:59

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Күллі әлемнің күн тәртібінде бір ғана мәселе тұр, бұл - коронавирус инфекциясымен күрес. Әлбетте, осы күрестің жақсылықпен аяқталатынына үміт зор. Дегенмен, бұл күрестен кімнің қалай зардап шегетіні туралы болжауға әлі де ертерек. Оқырмандар назарына Назарбаев университеті «Медицина факультетінің» ғылыми қызметкері, Францияда Paris-Saclay университеті био-медицина ғылымдарының докторанты Бүркітқан Ақбайұлымен болған әлемді жаулаған індетке байланысты сұхбатты ұсынамыз.

- Бүркітқан Ақбайұлы, медицина саласында біраз жылдардан бері ғылыми жұмыстармен айналысып жүрсіз. Қазір нақты қандай бағытта зерттеп жүрсіз?

- Мен бүгінгі таңда Францияның Paris-Saclay университетіндемін. Негізгі тақырыбым – ВИЧ вирусы мен Б-тиіпті жасуша лимфомасының байланысын зерттеу. Жалпы вирус тақырыбы менің көп жылдардан бергі ізденістегі жұмысым.

- Оқырмандармызға коронавирус атауына ғылыми түсінік бере кетсеңіз?

- Кәдімгі тұмаудан бастап 2003 жылы Қытайда пайда болған SARS және 2013 жылы Сауд Арабиясында пайда болған MERS ауруларын тудыратын вирустар тобы коронавирус деп аталады. Қазіргі таңда Covid-19 ауруын тудыратын SARS-CoV-2 вирусы да осы топтағы вирус. Сол себепті халық арасында коронавирус деген атпен таралып кеткен. Ғылыми тілде SARS-CoV-2 вирусы деп аталады, себебі аталмыш вирустың генетикалық құрылымы 2003 жылғы SARS вирусымен 90 пайыз ұқсас.

- SARS-CoV-2 вирусы қайдан пайда болған?

- Коронавирус жануарлар денесінде сақталады немесе жануарлардан жануарларға таралады, алайда олардың кейбіреуі жануарлардан адамға таралу қабілетіне ие. SARS-CoV-2 вирусының нақты қандай жануардан таралғаны туралы нақты мәлімет әлі белгісіз. Алайда зерттеушілердің көпшілігінде жарқанаттан таралған болуы мүмкін деген болжам бар.

- SARS-Cov2 вирусы қалай таралды?

- Вирус таралуының бірнеше жолы бар. Бірінші, вирус жұқтырған адам жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз қуысынан бөлініп шыққан сұйық түйіршіктер арқылы таралады. Себебі жұқтырған науқастың ауыз қуысындағы сілекей немесе басқа жабысқақ сұйықтықтарда вирус болады. Егер сіз вирус жұқтырған науқас жөтелген немесе түшкірген сәтте ол адамның жанында болсаңыз, сұйық тамшылары ауыз және мұрын қуысы арқылы сіздің ағызаңызға вирусты алып кіреді. Сондықтан мамандар адамдар арасында бір метр аралықты сақтауды ұсынып отыр. Екінші таралу жолы – жұқтырған науқаспен қол алысып немесе жұқтырған науқастың ұстаған заттарын қолыңызбен ұстап, одан соң ауызыңызды, мұрыныңызды немесе көзіңізді ұстасаңыз, қол терісіне жабысқан вирус осы орындардағы сұйықтық арқылы ағзаңызға таралады.

- Вирус ішкі органдарға да өте ала ма? Сонда өту жолы қалай?

- Ол үшін ең әуелі вирустың биологиялық құрылысына қарап көрейік. Вирус төрт негізгі ақуыздан құралған. Олар – вирустың ең сыртқы бетінде орналасқан бүршік ақуыздар, вирустың сыртқы бетін қорғап тұратын қабықша ақуыздар, вирус қабықшасының сыртқы қабатын құрайтын мембраналық ақуыздар және вирустың генетикалық материалын қоршап тұратын ядролық қабықша ақуыздар. Ғылыми зерттеу нәтижелеріне негізделгенде бүршік ақуыздар өкпе, ішек және қан тамырлардағы рецепторларға (қабылдаушы ақуыздар) байланады да, жасушалардың мембраналарын бұзып кіреді. Жасуша ішіне кіргеннен кейін вирус жасушаның энергия қабылдау, қорек алу және көбею сияқты түрлі механизмдерін өз пайдасы үшін қолданып неше мың есе көбейіп алады да жасушаны өлтіріп келесі жасушаларға шабуылға өтеді. Міне осылай адам ағзасындағы барлық органдарға жылдам тарап кетеді.

- Бұл вирусқа қарсы вакцина дайындауда әлемдік зерттеу ұйымдарында қандай жаңалық бар?

- Қазіргі таңда бұл вирусқа қарсы нақты бір ем табылған жоқ. Дегенмен әлемнің әр елінде 30-дан астам биотехнологиялық компания және ғылыми зерттеу орыны осы вирусқа қарсы вакцина табу жолында күрес жасап жатыр. Солардың ішінде бұрынғы SARS және MERS вирустарына қарсы вакцина тапқан АҚШ-тың Moderna және Novavax сияқты компаниялары көш бастап тұр. Олар бұрынғы тәжірибелерге негізделіп аз уақыт ішінде Sars-CoV-2-ге қарсы вакцина жасап шығамыз деп отыр, Себебі жоғарыда айтылғандай Sars-CoV-2 вирусының генетикалық құрылымы SARS вирусымен 90 пайыз ұқсас. Дегенмен шын мәнінде вакцина жасауға өте көп уақыт кетеді. Алайда зерттеуші топтар мен компаниялар қазіргідей щұғыл жағдайда вакцина жасаудың жылдамдығын барынша арттырып бір немесе бір жарым жыл ішінде вакцина тауып шығу үшін күш салып жатыр.

- Вакцина қалай жасалады?

- Вакцина жасаудың бірнеше негіздік стратегиялары бар. Біріншіден, вирусты әлсірету. Әдетте вирус адам ағзасында неше мың есе жылдамдықпен көбейеді де ауру тудырады. Түрлі техникаларды қолдану арқылы зертханада вирустың көбею қабілетін 20 есеге немесе одан да аз деңгейге төмендетеді, бұл деңгейде вирус ауру тудыру қабілетінен айрылады, бірақ адам ағзасының табиғи иммундық қорғанысын оятуға жеткілікті болады. Әлсіреген вирустар адам ағзасына түскеннен кейін, ағзада вирусқа қарсы антиденелер пайда болады да болашақта вирус жұқтыру жағдайы болса иммундық жүйе оны құртып жібереді.

Екіншіден, вирусты өлтіру. Түрлі жолдармен вирусты өлтіріп оны ағзаға құяды, иммундық жүйе оны бөгде зат ретінде таниды да иммундық қорғаныс қалыптасады.

Үшінші бір жолы - вирустың белгілі бір ақуызын пайдалану. Көп жағдайда вирустың сыртқы бетінде орналасқан ақуыздарды бөліп алып оны адам ағзасына құю арқылы табиғи иммундық жүйені оятады.

Бұл үш түрлі әдіс те дәстүрлі вакцина жасау тенхологиясы. Қазіргі таңда жаңа технологияларды қолдану арқылы Sars-CoV-2-ге қарсы вакцина жасау жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда тұтас вирус немесе оның ақуызын қолданудың орнына вирустың генетикалық материалдарын қолдану қарастырылады. Мысалы, Moderna және CureVac сияқты компаниялар вирустың ақпараттық рибонуклеин қышқылын (аРНҚ) қолдану арқылы Sars-CoV-2-ге қарсы вакцина жасап жатыр. Moderna компаниясының mRNA-1273 атты вакцинасы көктемнің соңында клиникалық сынақтың екінші кезеңіне өтеді деп күтілуде.

- Клиникалық сынақ деген не?

- Адамзат ауруына қолдану үшін жасалатын дәрілік өнімдердің жасалуына шамамен он жыл уақыт кетеді. Жалпы барысын алып айтсақ, ең әуелі ғалымдар дәрілік өнімді зертханада жасуша және жануарларға қолдану арқылы сынақтан өткізеді. Зертханалық сынаққа шамамен 3-тен 6 жылға дейін мерзім кетеді. Кез келген дәрілік өнім адамға қолданудан бұрын клиникалық сынақтан өтуі керек. Сол себепті зертханалық сынақта жақсы нәтиже көрсеткен дәрілер клиникалық сынаққа жіберіледі. Клиникалық сынақ 3 кезеңнен тұрады: клиникалық сынақтың бірінші кезеңі, екінші және үшінші кезеңі.

Клиникалық сынақтың бірінші кезеңі дәрілік өнімнің қауіпсіздігін бақылауды мақсат етеді. Адамға сынақ осы кезеңнен басталады. Бұл кезеңде шамамен 20-80 сау адамға сынақ жасалады. Сынақ мерзімі бірнеше айға жалғасады. Бұл кезеңде дәрінің өнімділігін емес тек қауіпсіздігіне баса мән беріледі. Дәрілік өнімнің шамамен 70% ғана екінші клиникалық сынақ кезеңіне өте алады. Мысалы зертханадан 10 дәрі сәтті нәтиже көрсетіп клиникалық сынақтың бірінші кезеңінен өтсе, оның ішінде 7 дәрі клиникалық сынақтың екінші кезеңіне сәтті түрде өте алуы мүмкін.

Клиникалық сынақтың екінші кезеңінде дәрінің өнімділігін бақылауды мақсат етеді. Сонымен қатар кауіпсіздігі де жалғасты түрде бақылауда болады. Бұл кезеңде сынақ 100-300 ауру адамға жасалады. Сынақ мерзімі бірнеше айдан 2 жылға дейін жалғасады. Сынақ жасалған дәрілердің шамамен 30%-ы ғана клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне өте алуы мүмкін. Жоғарыдағы мысалымызды жалғастырсақ, сынақтың екінші кезеңіне өткен 7 дәрінің 2-і ғана клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне өте алады.

Клиникалық сынақтың үшінші кезеңі дәрінің қауіпсіздігімен өнімділігін тұрақтандыратын соңғы кезең. Бұл кезеңде 1 000 – 3 000 науқасқа сынақ жасалады. Дәрінің қауіпсіздігі мен өнімділігін бақылап, егер басқа да ұқсас түрдегі қолданыстағы дәрілер болса, солармен салыстырылады.

Дәрі барлық сынақ кезеңдерінен сәтті өткеннен кейін, фармацевтикалық компаниялар тиісті органдарға жаңа дәрі туралы өтініш жасайды, ондай органдар барлық сынақ нәтижелерін қарап шығып компанияларға рұқсат береді, осылайша жаңа дәрі сатылымға шығады.

- Бұл інденттің ел таңдамайтынын, ұлт таңдамайтынын білдік. Десе де адамның геніне байланысты, қарсылық қуатына байланысты вирустың шабуылдау қуатының әлсіреуі мүмкін бе? Осы орайда халқымызға бұл індеттен сақтанудың өзгеше жолдары болса айта кетсеңіз?

- Адамның дене қуаты қаншалықты мықты болса, бұл вирустың жұғу мүмкіндігі сонша төмен. Сондықтан бұл аурудан қаза тапқандардың басым көпшілігі жасы үлкен адамдар болып отыр. Ал вирустан сақтанудың бірден бір өнімді әдісі - карантин режімін сақтау, тазалыққа ерекше көңіл бөлу. Міндетті түрде қолыңызды жиі жуу керексіз! Өзіңіз айтқандай бұл ауру ұлтты алаламайды, сондықтан да, одан сақтанудың өзгеше жолы жоқ. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып сақтану және ДДҰ-ның нұсқауларына сай шаралар қолдану керек.


Жоғары қарай