Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирустан кейінгі оңалту жұмыстары қалай жүргізілуде

2020 жылдың 24 қыркүйек 2020 19:42

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы №4 қалалық емхананың бас дәрігері Зухра Омарова медициналық оңалту орталығында кардиология, неврология,нейрохирургия, травматология, ортопедия бағыттары бойынша 3 кезеңнен тұратын амбулаторлық оңалту жүргізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, пациенттерді жалпы тәжірибедегі учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және амбулаторлы-емханалық көмек аясында қабылдайды. Қазіргі уақытта коронавируспен ауырғандар үшін белсенді түрде оңалту жүргізілуде: оксигенотерапия, арнайы дрнажды массаж, тыныс алу гимнастикасының белгілі техникалары, емдік дене шынықтыру. Сонымен бірге, психологиялық және әлеуметтік бейімдеу көмегі көрсетіледі.

«Бронх-өкпелік жүйе ғана емес, сондай-ақ, жүрек-қан тамыры жүйесіне зақым келгеннен кейін мамандар тек тыныс алумен ғана емес, бүкіл ағзамен біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді.Орталықта қалпына келтіру медицина дәрігері, реабилитолог, кинезитерапевт, эрготерапевт, дипломды ине терапевті, логопед-дефектолог, психологтар, әлеуметтік қызметкер, массаж жасаушы маман, емдік гимнастика және тыныс алу гимнастикасы бойынша инструкторлар қызмет етеді. Сонымен бірге, физиотерапия, парафинотерпия, ине терапиясы, галотерапия, яғни, тұзды шахта жасалады», – деді дәрігер.

Сонымен қатар, ол механикалық терапияға арналған аппараттар бар екенін атап өтті.

«Мысалы, иық буындарының, жамбас, тізе, табан буындарының пассивті аппараттары бар. Белсенді механикалық терапия үшін қосымша құралдар балалар мен ересектерге арналған вертикализаторлары бар. Эрготерпия жүргізіп, ұсақ моторика дағдыларын қалпына келтіру үшін арнайы эргостолдарды қолданамыз»,– деп қосты Зухра Омарова.

Бас дәрігер оңалту қызметтері амбулаторлы түрде және телемедициналық және ақпараттық технологияларды қолдану арқылы көрсетілетінін тілге тиек етті.

Қазіргі уақытта коронавирустан кейін қалпына келтіретін оңалту курстарынан 67 адам өтуде. Орташа есеппен оңалту курсы 10-20 күнге жалғасады.


Жоғары қарай