Ауа райы
Астана 31 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Коронавирустан айыққан науқас: Жас әрі талантты дәрігерлер мені құтқарып қалды

2020 жылдың 10 шілде 2020 11:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған Ғұмырбек Манинов 25 маусым күні ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Оның айтуынша, ажалымен бетпе-бет кездесуіне бір-ақ қадам қалған. Дәрігерлердің уақытылы көрсеткен көмегі арқасында ол дертінен айыққан. Ол ажалына араша болған Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ дәрігерлеріне алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мені өлім аузынан бір-ақ күн алыстатып тұрған екен. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтағы хирургия бөлімінің үшінші палатасында, үйге шығатын уақытта білдім. Уақытылы медициналық көмек алмаған жағдайда осы жазғанымды емес, мен туралы қаралы хабарды оқитын едіңіздер.

Мен - Ғұмырбек Маминов 2020 жылы 25 маусымда коронавирус инфекциясы диагнозымен ауыр жағдайда ауруханаға түстім. Жас әрі талантты, үлкен әріппен жазылатын және үлкен жүректі кәсіби маман, кеуде бөлігі хирургиясы дәрігерлері - Жақсылық Жиешев, Алмаз Аманғалиев, гинекология бөлімінің аға ординаторы Әсел Исенова және хирургия бөлімінің меңгерушісі Әнуар Әбдікәрімов менің өмірімді құтқарып қалды», - дейді Ғұмырбек Манинов.

Ол өз ісіне адал дәрігерлердің еңбегі орасан зор екенін айтты.

«Олар Гиппократ анты мен өз ісіне адал, ерекше жандар және бейбіт өмірдің батырлары. Ұлы Авицена дәл осындай дәрігерлер туралы «Дәрігерде қыранның қырағылығы, арудың қолындай нәзік қолы, жыланның даналығы, арыстанның жүрегі болуы керек» деп айтқан.

Жақсылық Жиешев, Алмаз Амангелдиев, Әсел Исенова, Әнуар Әбдікәрімовке кәсібилігі, шыдамдылық және қамқорлығы, адамдарға деген құрметі және өмірге деген сенімі үшін шын жүректен алғыс айтамын. Мені ажалдан арашалап, ел қатарына қосқандарыңыз үшін рахмет!

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың хирургия бөліміндегі медицина қызметкерлерінің бәріне зор алғыс айтамын», - дейді ол.

Оның айтуынша, осы қиын-қыстау кезде дәрігерлер алдыңғы қатарда ажалмен арпалысып, дәрігердік міндетін кәсіби түрде орындап, науқастардың өмірін құтқаруда.

«Медицина қызметкерлеріне басымды иіп, алғыс айтам. Осындай қиын кезеңде сіздер соғыстың алдыңғы шебінде жүргендей күресіп, отбасымызды, балаларымыз, жалпы ұлтты сақтап қалуға бар күштеріңізді салудасыздар! Өз міндетін мінсіз орындап, тәулік бойы коронавирус инфекциясымен күресіп, күн сайын адам жанын құтқарып жатқан дәрігерлер қауымына айтар алғысым шексіз. Бәріңіздің дендеріңіз сау болып, аман болыңыздар! Өздеріңізге жанашыр болыңыздар. Біз өлмейміз, өмір сүреміз, - дейді коронавирус инфекциясынан айыққан науқас.





Жоғары қарай