Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 405.66
EUR 454.70
RUB 5.71
CNY 57.43

Коронавирусқа күмәнмен қарайтындар әлі бар – Мәжіліс депутаты

2020 жылдың 29 мамыр 2020 13:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясы адамзат баласына үлкен қатер төндіріп тұр. Дүние жүзі елдері осы дертке қарсы күрес жүргізуде. Әлемдік қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде Қазақстан да бірқатар шараларды қолға алды. Осыған орай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Ахмет Мурадов ҚазАқпарат тілшісімен өз ой-толғамдарымен бөлісті.

– Ахмет Сейдарахманұлы, әуелі COVID-19 індетімен күрестің маңыздылығы, қолға алынған шаралардың тиімділігі туралы айтып өтсеңіз?

– Екі-үш ай бойы төтенше жағдайды бастан кешіп, карантин режимін сақтай отырып, туындаған бірқатар қиындықтарды ың-шыңсыз жеңе білдік. Тәртіпке бағынған ел ғана жетістікке жететіні ақиқат. Қазақстан халқы осы бір сынақ кезеңінен сүрінбей өтуде десем, артық болмас. Аллаға шүкір, дер кезінде нақты шаралар қолға алынды. Бұл бүкіл халықты осы індеттің тез қарқынмен таралып кетуінен сақтап қалды. Барлық мәселені шешіп тастамасақ та, кешігіп қалған жоқпыз. Біз қазір коронавирус дертіне қарсы күрес процесінде осы бір сын-тегеурінді бақылауда ұстау мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Ең бастысы, әрбір саналы адам бұл дертке қарсы күрестің маңыздылығын терең түсіне білуі қажет деп ойлаймын.

Біраз уақытқа дейін көптеген замандастарымыз «коронавирустың өзі бар ма, жоқ па?» деген сауалға бас қатырып келді. Әлі де күмәнмен қарайтындар бар. «Ешқандай инфекция жоқ, бұл жәй үрей туғызу, бос даңғаза, біреулердің ойыны» деген сияқты пікірлер айтылып жүрді. Коронавирус жоқ деген ұғымда жүрген кезеңде көп уақытымыздан, күшіміз бен қаражатымыздан, денсаулығымыздан айырылып қалдық.

Дегенмен осы жайтқа орай мен нақты уәжді айтайын. Аталған дерт әлемді дүрліктіре бастаған кезден бері қарай мен әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан достарыммен, әріптестеріммен телефон арқылы байланыс жасап келемін. Соның ішінде, әрине, Еуропа елдерінде, Түркияда, Қап тауында, Ресейдің бірқатар өңірлерінде, Мәскеу мен Санкт-Петербургте және Шешенстан Республикасында тұратын шешен ұлтының өкілдерімен жиі хабар алысамын. Сонда дені сап-сау, дәулетті, өте мықты адамдар көз жұма бастағанда және жай емес, азаппен өле бастағанда, бұл дертті қалай атасақ та, оның жаһандық нәубет екенін түсіндім. Ал енді келер күннен жарығы болып, емделіп шыққандармен, осы ауыр сынақты бастан кешкендермен сөйлескенімде, олар өз жағдайын айтып берді. Олардың көбі – өмірде біршама қайғы-қасіреттерді көрген адамдар. Олар соғысты, ең жақын адамынан айрылып қалуды, аспаннан бомбылап, оқ жаудырып жатқан сәттерді бастан кешкендер еді. Ота жасаудың қалай ауыр екенін білетін жандар, түрлі аурулармен ауырып көргендері де бар. Алайда, пандемия кезеңінде көрген азаптары ешбіреуіне ұқсамайтынын айтады.

Коронавирус белгілері қалай болатыны айтылып та, жазылып та жатыр. Дегенмен ол әр адамның бойында әртүрлі болатыны анықталып отыр. Әсіресе, көп адам жиналатын аймақтарда жұқпалы дерттің өршіп кететіні белгілі. Сондықтан оған жол бермеу үшін қатаң шаралар қабылданып отыр.

– Коронавируспен күресте әр адам не істеуі керек?

– Қашанда осы іске жауапты білікті мамандардың және дәрігерлердің ұсынымдары бойынша әрекет жасауы тиіс.

Өткен екі-үш айда оқи білетін әлемнің әрбір тұрғыны ғаламтордың, баспасөз құралдарының арқасында қатерлі дертпен қалай күресу жөнінде мол мағлұмат алды. Десек те, кейбіреулер, әсіресе, оның ішінде саясаткерлер, әртістер, инженерлер, малшылар, тағы басқа да мамандық иелері тіптен ақылды болып кетіп, вирусолог сияқты өз пікірлерін айтатынын байқап жүрміз. Яғни, дәрігерлердің «нанын жей» бастады. Ал біз дәрігерлерге сенбейміз?! Өкінішке орай, осы аурумен күресіп, емделіп жатқандар тек дәрігерлердің ғана көмегіне арқа сүйеді. Ауруханалар ғана өзін құтқаратын жер екенін білді. Дегенмен медициналық көмекті бәрінің де дер кезінде алуға мүмкіндігі болмады. Сол себепті шауып жүрген адамдар о дүниеге аттанып кетті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өте маңызды шешімімен COVID-19 пандемиясымен күресу үшін төтенше жағдай және карантин жарияланып, жүріп-тұруға шектеу қойылғанына Қазақстан халқы түсіністікпен қарады. Біздің мемлекет халықты қорғаудың, қауіпсіздігін сақтаудың барлық тетіктерін іске қосты. Еліміздің қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін барлық ресурстар пайдаланылуда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа үндеуі де тұрғындардың бойына сенім ұялатып, ортақ мақсатқа күш жұмылдыруға ықпал етті деп ойлаймын. Әр адам пандемиямен бірлесе отырып күресудің, өзара бір-біріне қолдау көрсетіп, көмек берудің маңыздылығын түсінді. Бұл да өз нәтижесін берді. Көптеген қамқорлық, қайырымдылық істері жүзеге асты. Осы тұста еріктілердің (волонтерлер) атқарған жұмыстары өте ауқымды болғанын айта кеткенім жөн.

Қоғам мен мемлекеттің бір мақсатқа жұмылуы, бар күшті тиімді жұмсай білу және бір-біріне деген сенім кез келген күрделі мәселені шешіп, қиындықтан шығуға мүмкіндік береді. Мемлекет халықтың жүріп-тұруын шектегенмен, өз азаматтарын азық-түлікпен, тұрмысқа қажетті барлық тауарлармен қамтамасыз етті. Әр адамның қалыпты өмір сүруін, күнделікті табыс табу көзін тұрақты сақтай білді. Әрине, тұрғындардың жағдайы қиындап кетпеуі үшін мемлекет халықты барлық қажеттілікпен қамтамасыз етуге міндетті екені анық. Адамның бәрі бірдей емес. Тіпті бастапқыда «азық-түлік бітіп қалады» деп дүкен сөрелерін «тазартып» кетуге ұмтылғандар да болды.

Атап айту керек, көп істер атқарылды. Соның бәрін көріп-біліп, ортасында жүрген соң айтамын. Жергілікті өңірлерде де аудымды жұмыстар жасалды. Әрине, орын алған олқылықтар да болған шығар. Дегенмен бізде бұрын мұндай жұқпалы дертпен күресу тәжірибесі болған жоқ қой. Қатерлі дертпен бетпе-бет келіп отырмыз.

Ал ертеде осындай жұқпалы аурулар тараған кезде біздің ата-бабаларымыз өте мықты болған. Алайда, ол заманда қазіргідей мүмкіндіктер болмады. Ата-әжелеріміз бен әке-шешелеріміз небір сынақты бастан кешірді. Олар ашығып өліп жатты, суыққа тоңып өлді. Түрлі аурулардан көз жұмды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында қолдан жасалған аштықтардың өзі неге тұрады? Қаншама адамның өмірін жалмады?! Миллиондаған адам қайтыс болды. Оған репрессия, депортация және соғыстың қасіреттерін қосыңыз. Осындай нәубеттер мен зобалаңдарда халық қынадай қырылды.

Бүгінгі таңда осы көзге көрінбейтін «жау» – коронавируспен күресте жағдайымыз тіптен қайғылы болуы да мүмкін еді. Дегенмен мемлекетіміз жұқпалы дерттің белең алып кетуіне жол бермеді. Еуропаның кейбір елдеріндегідей ауру жаппай таралып кеткен жоқ және адам шығыны да орасан зор емес. Еліміз COVID-19 пандемиясымен күресті қазір де жалғастыруда.

Егер бүкіл халық бірігіп күш жұмылдырмаса, қай мемлекет те табысқа жетуді қамтамасыз ете алмас еді. Сондықтан біздің елде тәртіптің сақталғандығы мені қуантады. Халық оқшауланудың маңызды қадам екенін түсінді. Қанша қиындықтар туғызса да, қашықтан жұмыс істеу мен сабақ оқытудың тәсілдері оң нәтижесін берді. Сақтандыру шаралары қатаң жүргізілді.

– Бүгінде қоғам өзгеруде, адамдар да басқаша ойлай бастады...

– Иә, бұл инфекцияның шығуы, оның аса қауіпті болуы әр адамның өміріне өзгерістер алып келді және қоғамда жаңа көзқарастар пайда болды. Урбанизацияның, яғни, адамдардың қалаға шоғарлануының қауіптілігін көрсетіп берді. Жұқпалы дерт кезінде барлық проблема қалалардан шығып жатыр. Әлемдегі кейбір қалалар коронавирус індетінің ұясына айналғанын көріп отырмыз.

Оқшаулану кезеңі әр адамға өмір құндылықтарын бағалауға ықпал етіп отыр. Әркім өз отасына, бала-шағасына, ағайын-туыстары мен достарына баса көңіл бөлу қажеттігіне көз жеткізді. Бір азаматтар «көптен бері отбасымыз түгел бір дастархан басында отырмаған екенбіз», - деп айтып жатыр. Әр адамның мүмкіндігі әр қалай. Көпшілігі іскер болды. Енді бәрі үйлерінде отыр. Ата мен әже болып қалғандарын байқамапты. «Жұмыс-жұмыс» деп күні-түні шауып жүргенде балалары азамат болыпты, немерелері де өсіп кетіпті. Сондай-ақ жас ұрпаққа тәрбие беруде біраз жайттарды кезінде ескермей қалғандарына өкініп жатқандары да бар. Өзіңе жақын адамдардың ортасында отырып, өмірдің жақсылығы мен қызығына қуанудың өзі бір ғанибет емес пе?! Менің көптеген достарым шаңырақтарындағы қуанышты сәттерді айтып, бақытқа бөленгендерін жеткізу үстінде. Қалай десек те, адамдардың өмір сүру қалпы өзгеруде. Байлық қуып кеткендер де сабасына түсіп жатқан шығар.

Дүниеде артық қажеттіліктерге ұмтылатын жағдайымыз бар екені де анықталды. Алайда, әр азамат жақын адамдарынсыз, тамақсыз, баспанасыз өмір сүруге болмайтынын ұғынды. Біраз адамның жүрегінде сенім мен иман сезімі оянды.

Бұл кезең азаматтарының игілігі үшін мемлекет те нақты іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын әр адамның сезінуіне мүмкіндік берді. Қашанда ең басты құндылық – елдің тыныштығы мен халықтың амандығы.

COVID-19 пандемиясымен күрес жалғаса бермек. Өйткені ол бірден жойылып кете қоймайды. Оның ел экономикасына да, халықтың денсаулығына да тигізетін зияны өте көп болып тұр. Бұл дертті саясиландыруға, оны басқа бір мақсат үшін пайдалануға болмайды.

COVID-19 пандемиясымен бүкіл әлем болып күресуіміз қажет. Өз мемлекетіңде таралмай, басқа елде өршіп кетсе, оның зардабы әлемді әуре-сарсаңға салатынына көзіміз жетті. Қазір бір ел, бір халықтың емес, бүкіл адамзат денсаулығы үшін күрес жүріп жатыр.

Бұл дерттің зардабы орасан зор, ол шекара сызығына келіп тоқтап қалмайды, не бір елді ғана таңдамайды. Сондықтан біз қандай әрекеттер жасамау керектігін білуіміз қажет. Жаман әдеттерден аулақ болу Жаратқан иеміздің ұлы жолдауларында, яғни, барлық діннің кітаптарында анық жазылған. Әр адам пенделік ой-пікірлерінен, жат әдеттерінен арылып, адал өмір сүру қағидасын ұстанып, жұқпалы дерттен сақтана білсе, кездескен қиындықтардың бәрін де жеңіп шығады. Менің ойға түйгенім – осы.


Жоғары қарай