Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус вакцинасы адамның генетикалық кодын өзгерте алмайды – ғалым

2021 жылдың 30 қараша 2021 16:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан медицина университетінің эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының доценті Рафаиль Қыпшақбаев коронавирус вакцинасы адамның генетикалық кодына қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Генетикалық мутациялар туралы айтсақ, адамның ДНҚ-сы өте қорғалған құрылым деуге болады. Ол әркім бір екпенің көмегімен өзгерте салатын осал дүние емес. Ондай болса, адам баласы миллиондаған жыл бойы өмір сүріп, бүгінге жетпес еді. Бұл біздің генетикалық кодымыз сенімді қорғалған жүйе екенін көрсетеді. Мұны бір деңіз. Екіншіден, вакцина адамның генетикалық кодын өзгертеді деп даурығып жүргендер 6-сыныпта биология сабағын қашып-пысып оқыған шығар. ДНҚ-ға вакцина арқылы еніп, генетикалық кодты өзгерту мүмкін емес. Сөзіме сенбегендер 6-сыныптың биология оқулығын ашып оқысын. Үшіншіден, шынын айту керек, теориялық тұрғыда кез келген дәрілік заттың әсерінен асқынулар пайда болуы мүмкін», - деген Рафаиль Қыпшақбаев вакцинациядан кейінгі асқыну ықтималдығы бар екенін, бірақ пайдасымен салыстырғанда шамалы екенін айтты.

Сондай-ақ, ғалым коронавирус инфекциясымен ауырып шыққандарға «иммунитетім бар» деп арқаны кеңге салуға болмайтынын ескертті.

«Өйткені қайта жұқтыру жағдайларын ешкім жоққа шығара алмайды. Коронавируспен ауырып тұру қарсы иммунитет қалыптастыру деген сөз емес. Иммунитеттің қаншалықты қалыптасуы сырқаттың ауыртпалығына, адам ағзасының жеке ерекшеліктеріне байланысты. Коронавируспен ауырып иммунитет қалыптастыру және вакцина арқылы иммунитет қалыптастырудың айырмашылығын былай түсіндіруге болады. Вакцинация адам ағзасын ықтимал инфекцияны барынша оңай өткеруге дайындайтын жаттығу сияқты. Коронавируспен ауыру вакцинацияға қарсы медициналық көрсетілім болмауы керек», - деді Рафаиль Қыпшақбаев.


Жоғары қарай