Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус туралы жалған хабар таратқан 45 адам жауапқа тартылды

2020 жылдың 31 наурыз 2020 18:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жалған хабар таратқандарды жауапқа тарту жұмыстары жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кей тұрғындардың әдейі жалған ақпарат таратуы фактілері жалғасуда. Фейк жаңалық авторлары нақты елдімекендер мен медициналық ұйымдардың атын жазып, ауру жұқтырып, қайтыс болғандардың санын ойлап табады және жоқ тыйымдарды айтады. 25 наурыз күні Көкшетау қаласында Кореядан ауру жұқтырып келген науқастардың Ақмола облысында жатқаны туралы жалған хабар таратқан топ ұсталды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

29 наурызда Атырау облысында әлеуметтік желіде таралған 3 жалған ақпарат табылды.

«Жалған әңгімелерді тарату арқылы бұл адамдар халықты үрейлендіріп жүр. Қазіргі уақытта жалған хабар тарату бойынша 45 факті анықталды. Барлық кінәлілер табылып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деді Е. Тұрғымбаев.

Бұған дейін министр Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына заңсыз кірмек болған 33 адам жауапқа тартылғанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ, заңсыз шығарылып, тұрғындарға қымбат бағамен сатылған 2 млн медициналық маска, 4 мың қорғаныс костюмі және 10 тонна дезинфекциялық құрал айналымнан алынды.


Жоғары қарай