Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус: Тәуліктік өсім азайып, дәрігерлер өтемақы алуда

2020 жылдың 14 тамыз 2020 18:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда қатаң шектеу шаралары енгізілгеннен бастап, коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік өсімі 0,5 пайызға дейін төмендеді. Аты жаман індетпен күресу барысында алдыңғы шепте жүріп, зардап шеккен дәрігерлерге, індетке байланысты жұмысын тоқтатуға тура келген кәсіпкерлерге өтемақы төлене ме?

Қазақстанда қатаң шектеу шаралары енгізілгеннен бастап, коронавируспен сыртқаттанушылықтың тәуліктік өсімі 0,5 пайызға дейін төмендеді. Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар орталығында өткен онлайн брифинг барысында айтты.

«Қазіргі кезде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтану үрдісі байқалуда. Биылғы 14 тамыздағы мәлімет бойынша, Қазақстанда ПТР оң нәтиже көрсеткен коронавирус инфекциясының 101 848 жағдайы тіркелді», - дейді

ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Сондай-ақ, ол бір тәулікте 476 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болғанын айтты.

«Қатаң шектеу шаралары енгізілгеннен бастап сыртқаттанушылықтың тәуліктік өсімі 0,5 пайызға дейін төмендеді. Тіркелген Covid-19 жағдайларының жалпы санының 77 пайыздан астамы емделіп, күнделікті өмірге оралды», - дейді ол.

Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі де қауіпсіз және тиімді вакцинаны күтуде.

«Бүгінгі таңда әлемде коронавирус инфекциясына қарсы 166 вакцина жобасы жасалды. Олардың көпшілігі клиникаға дейінгі тестілеу кезеңінде. Тестілеу ережесі бар - бұл үш кезеңнен өту және міндетті түрде тіркеу. Коронавирус инфекциясына қарсы 120 вакцинаның 17-сі адамдарға сыналып жатыр. Егер біз Ресей вакцинасы туралы айтатын болсақ, онда ол клиникалық сынақтың 2 кезеңінен өткен, Ресей Федерациясында тіркелген», - дейді бас санитарлық дәрігер.

Ол вакцина егуде қандай топтарға басымдық берілетінін айтты.

«Бүгінгі күні біз вакцинациялауға жататын топтармен жұмыс істеп жатырмыз. Бізде қауіпті топтар бойынша жоспарлар бар, олар үшін коронавирус ауруы өте қауіпті. Олар - 60-65 жастан асқан белгілі бір созылмалы аурулары бар адамдар», - дейді ол.

Бұл топқа медицина қызметкерлері де жатады.

«Өйткені олар ең алдымен пациенттермен және коронавирус жұқпасының белгілері жоқ, бірақ тасымалдаушы болып саналатын адамдарды қарап, байланыста болады. Сондықтан біз вакцинацияға дайындық, вакцинаны таңдау және Денсаулық сақтау министрлігінде вакцинация стратегиямызды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізудеміз», - дейді Айжан Есмағамбетова.

Сонымен қатар, ол жұмыс орнында COVID-19 жұқтырған медицина қызметкерлеріне төлем жасау жайында айтып берді.

«Денсаулық сақтау министрі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірлескен бұйрығы бар. Онда өтемақы төлеу мен осы құжаттарды қараудың тәртібі ескерілген. Өңірлік комиссиялар бар екенін атап өткен жөн. Осы комиссиялар әрбір медицина қызметкерінің құжаттар пакетін қарастырады», - дейі ол.

Осы орайда ол төлем бойынша шешім шығарылса, аталған құжаттар топтамасы Еңбек министрлігінің жүйесіне енгізілетінін айтты.

«Денсаулық сақтау министрлігі қарастырылған әрі мақұлданған төлемдерге күн сайын мониторинг жүргізеді. Біздің мәліметке қарасақ, кешегі күнге дейін 500 медицина қызметкеріне төлем жасалды. Аталған комиссиялардың жұмысы тұрақты жұмыс істеуде», - дейді А. Есмағамбетва.

Бұл індеттің кесірі кәсіпкерлерге де тиіп өткені рас. 830 мыңға жуық бизнес осы күнге дейін жұмысістемей тұрған.

«Бұл шамамен 1,3 млн адамға қатысты. Қабылданған шараларға байланысты 17 тамыздан бастап көп бизнес түрі жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Кәсіпкерлер жұмысқа шыққаннан кейін қандай жұмыс алгоритмі талап етіледі, осы туралы үш аптаға жуық бизнестің даярлық ассоциацияларымен талқыладық. 3-4 күнде шешім қабылданды. Ең бастысы - «Атамекен» ҰКП қолдауымен infokazakhstan.kz сайты іске қосылды. Жұмысқа шығатын кәсіпкерлер осы сайтқа тіркеліп, рұқсатнамасын алып, жұмыс істеуге мүмкіндігі бар», - дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Ал 17 тамыздан кейін де кәсібін жүргізуге тыйым салынған кәсіпкерлерге өтемақы төлене ме?


«Жұмыстарын бастауға рұқсат берілмеген қызмет түрлері де бар. Оларға қатысты ұсыныстарымызды дайындап жатырмыз. Мысалы, сапаржайда 74 адам жұмыссыз отыруға мәжбүр. Бұл, бюджет мүмкіндігіне қатысты сұрақ деуге болады. Пандемия кезінде біз өтемақы төлеу туралы бастама көтердік. Бірінші айда өтемақы төленді, одан кейін карантин уақыты тағы созылды. Енді, осы мәселеге қатысты ҚР Экономика министрлігімен бірігіп ұсыныс әзірлейміз. Сауда орталықтары мен үлкен базарларға қатысты тәуекел көп. Ол жерде сақтық шаралары қалай сақталады, оны қалай реттеу керек - бұл жағы үлкен сұрақ. Жұмысы тоқтап тұрған кәсіпкерлерге өтемақы берілуін қолдаймыз. Қазіргі уақытта салық төлеуді, несие төлеуді шегеруге қатысты сұрақтарды қарастырып жатырмыз», - д ейді ол.

Онлайн брифинг барысында ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова шетелмен әуе байланысын жандандыру комиссияда міндетті түрде қаралатынын жеткізді.

Шетел азаматтарының келуіне рұқсат берудің тиісті өлшемдері дайындалған. Осы орайда үш өлшем ескерілген.

«Біріншіден, эпидемиологиялық жағдай (жолаушы келетін мемлекетте) бізге қарағанда жақсы болса. Қазақстанда Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы бар. Олар күн сайын еліміздегі жағдайды, сондай-ақ тікелей халықаралық байланыс бар басқа да мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізеді. Егер де осы елдерде коронавирусқа шалдығу бойынша эпидемиологиялық жағдай бірқатар көрсеткіштермен сипатталса, онда бұл мемлекеттерден ұшып келген жолаушылар елімізге қандай да бір шектеусіз кіреді. Екіншіден, эпидемиологиялық жағдай біздің еліміз деңгейінде, яғни ауруға шалдығу немесе басқа көрсеткіштер бойынша Қазақстандағы жағдаймен бірдей болса, онда елге келетін адам теріс анализ жөнінде ПТР-анықтаманы ұсынуы керек. Анықтама мерзімі 5 күннен аспауы тиіс. Егер осы анықтама болмаса, бұл жолаушының мәліметтері мобильді қосымшаға енгізіледі. Сонымен қатар жолаушы екі тәулік ішінде ел ішінде ПТР-тестіден өтетіндігі туралы қолхатқа қол қояды немесе 14 күн бойы үй карантинінде отырады. Үшінші топқа біздің елге қарағанда эпидемиологиялық жағдайы нашар мемлекеттер еніп отыр. Онда осы елдермен әуе байланысына тыйым салынады», - дейді Айжан Есмағамбетов.


Жоғары қарай