Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус: Словакияда жаппай тестілеу өтеді, Мажарстанда рекордтық өлім көрсеткіші тіркелді

2020 жылдың 28 қазан 2020 08:44

ЛИОН. EURONEWS – ҚазАқпарат – Орталық Еуропа елдері коронавирус пандемиясының екінші толқыны аясында эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты жаңа шектеулер енгізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

Словенияда ел азаматтарына он күн бойы өз аудандары мен қалаларынан шығуға тыйым салынды. COVID-19-ға қатысты ахуал шиеленіскен жағдайда ол ұзартылуы мүмкін. Сондай-ақ, ел билігі барлық шұғыл емес медициналық көмек көрсетуді екі аптаға тоқтатты. Сонымен қатар, сенбіден бастап барлық мейрамхана, сұлулық салоны мен тұрмыстық қажеттілікке жатпайтын тауарларды сататын дүкендер жабылып, мектептер қашықтан оқытуға көшеді.

Чехия Республикасының билігі тағы да шетелдіктердің елге кіруін тоқтатып, барлық адамның ел ішінде еркін жүруін шектеу қойды. Бұл бір апта ішінде коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайларының саны елде рекордтық деңгейге, 15 мыңға жеткеннен кейін қабылданған шешім болатын. Сәрсенбіден бастап Чехияда сағат 9-дан таңғы 5-ке дейін коменданттық сағат енгізіледі. Тек жұмыс істейтіндер мен медициналық көмек көрсету үшін ерекше жағдайлар қарастырылған.

Словакия билігі коронавирусқа жалпыұлттық тестілеу жүргізілетінін хабарлады. Елдің барлық халқы, шамамен 5,5 миллионға жуық адам осы демалыс күндері тексерілмек. Бұған дейін Словакия премьер-министрі ауруды ең көп жұқтырған аудандарда алдын-ала тестілеу сәтті өткенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, Мажарстанда өлім көрсеткішінің жаңа рекорды тіркелді. Сейсенбі күнгі таңертеңгі жағдай бойынша бір тәулікте 63 адам коронавирустан көз жұмған. Олардың басым көпшілігі егде жастағы адамдар мен созылмалы аурулары бар пациенттер. Осылайша коронавирустан болған өлім көрсеткішінің саны 1535 адамға жетті. Елде жалпы COVID-19 жұқтырудың 63 мыңнан астам жағдайы тіркелген.


Басты сөздер: Әлем, Коронавирус, Еуропа,
Жоғары қарай