Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Коронавирус: Қай елдерде төтенше жағдай енгізілді

2020 жылдың 16 наурыз 2020 22:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирустың жаңа түрі COVID-19 жаппай таралуына байланысты көптеген мемлекеттер Төтенше жағдай режимін енгізді. Қазақстанмен бірге, ТЖ режимі Италия, АҚШ, Испания, Чехия, Эстония, Румыния, Болгария Словакия және Мажарстанда жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан төтенше жағдайды енгізген жалғыз мемлекет емес. Төтенше жағдай тәртібі АҚШ, Италия, Болгария, Сербия, Эстония, Румыния, Чехия және басқа да елдерде енгізілген. Бірқатар мемлекеттер вирустың таралуы кең етек жайып және жағдай бақылаудан шыға бастаған кезде ғана төтенше жағдайды енгізуге мәжбүр болды. Қазақстандық билік төтенше жағдайды алдын алу шарасы ретінде енгізуде», - деп жазды ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Карин Facebook парақшасында.





11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) жаңа коронавирустың өршуін пандемия деп бағалады. «COVID-19 әлемнің 158 еліне таралды және 169 мыңнан астам адамға жұқты. Соңғы деректер бойынша, ҚХР-да 80 884 жұқтыру оқиғасы анықталды, оның 3 199-ы өлімге әкеп соқты. Коронавирустық індеттің ошағы қазір – Қытай емес, Еуропа», деп жазды ДДҰ.

Қытайдан кейінгі жаппай инфекция тіркелген Италияда 31 қаңтарда төтенше жағдай енгізілді. Италия алғашқылардың бірі болып мұндай режимді енгізді. Қазіргі уақытта бұл елде 24 мыңнан астам адам коронавируспен ауырып, 1809 адам қайтыс болды. Мемлекет басшысының шешімімен режим 6 ай бойы өз күшінде болады.





11 наурыз күні Мажарстан Үкіметі коронавируске байланысты Төтенше жағдай жариялауды ұйғарды. Елдегі барлық бұқаралық және салтанатты шаралар тоқтатылды. Бұл елде 32 адам коронавирустың жаңа түрін жұқтырды.





Америка Құрама Штаттарында 14 наурыздан бастап, коронавирус инфекциясының таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Ол уақытта АҚШ-та COVID-19-ға шалдығудың 1700 жағдайы тіркеліп, 40-тан астам адам көз жұмған еді.

«Төтенше жағдай Трампқа ұлттық апаттарға қарсы қордан коронавируспен күреске 50 млрд долларға дейін бөлуге, сондай-ақ федералды билікке штаттармен және жергілікті органдармен іс-қимылдарды анағұрлым тиімді үйлестіруге мүмкіндік ашады», - деп жазады ВВС.

Сондай-ақ АҚШ президенті коронавирусты анықтайтын диагностикалық тестілердің қосымша жарты миллион жиынтығы алдағы аптаның басында және бір ай ішінде тағы 5 миллионы дәрігерлерге жеткізілетінін мәлім етті. Бұл ретте оның пікірінше, оларды қолданудың қажеті болмайды.

АҚШ Президенті мәлім еткендей, оның бұл жарлығы денсаулық сақтау министрінің құзыретін кеңейтеді. Бұдан былай оның қабылдайтын шаралары қолданыстағы кейбір заңдармен және ережелермен шектелмейтін болады. Бұл, денсаулық сақтау органдарына анағұрлым жедел әрі икемді әрекет етуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, қазіргі уақытта Эстонияда Төтенше жағдай режимі қосылды. Ел аумағына шетел азаматтарының келуіне, барлық қоғамдық шараларға тыйым салынады, мектептер, университеттер, кинотеатрлар, музейлер, театрлар мен спорт залдарының қызметі тоқтатылады. Сауда орталықтарының жұмысы шектелді.

Дәл осындай жағдай Чехия, Болгария, Словакия, Сербияда да орын алды. Бұл мемлекеттер шетелдік азаматтардың келуіне тыйым салды. Мәселен, Чехия астанасында тіпті қоғамдық тамақтану орындары жабылды. Олардың көпшілігі тағам жеткізу қызметтерімен бірлесіп жұмыс істейді.

15 наурызда тағы бір ел – Испания Төтенше жағдай енгізетінін жариялады. Төтенше жағдай 15 күнге созылады. Билік коронавирустық инфекцияның жаппай таралу қаупі болғандықтан, ел ішіндегі қозғалысты шектеуді ұйғарды. Төтенше жағдайды Испания премьер-министрі Педро Санчес министрлер кабинетіндегі жеті сағаттық келіссөздерден кейін жариялады. Мұнда тұрғындарға қажет кезде ғана үйден шығуға рұқсат етіледі.





15 наурызда Сербия Президенті Александр Вучич тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде ел аумағына Төтенше жағдай енгізілетінін мәлімдеді. Сонымен бірге, Президент, шаралардың ең алдымен инфекция жұқтыру қаупі бар қарттарды қорғауға бағытталғанын атап өтті. Сербиядағы балабақшалар, мектептер, университеттер жабық. Мемлекет шетелдік азаматтарға, атап айтқанда, Италия, Иран, Қытай, Оңтүстік Корея, Швейцариядан келгендерге тыйым салды.

Бүгіннен бастап Словакияда Төтенше жағдай енгізілді. Азық-түлік дүкендері мен дәріханаларды қоспағанда, барлық сауда орындарының жұмысы тоқтатылып, банктер мен пошта бөлімшелері жұмыс істеуге рұқсат етілді.

Коронавирустың беті қайта бастағанымен Бейжіңде жоғары деңгейдегі төтенше жағдай тоқтатылмады. ҚХР-дың 24 әкімшілік-аумақтық бөлігінде халықтың денсаулығына байланысты төтенше жағдайларға ден қою деңгейі төмендетілсе де, Бейжің, Шанхай, Тяньцзинь сияқты мегаполистерінде ең жоғары деңгейде қала береді.





Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздан 2020 жылғы 15 сәуірге дейін төтенше жағдай енгізілді.

Сондай-ақ, Қазақстан азаматтарына 15 сәуірге дейін ел аумағынан шығуға тыйым салынды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына үндеу жолдады.


Жоғары қарай