Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус: Қарағанды облысы «сары» аймаққа өтті

2021 жылдың 18 қаңтар 2021 14:05

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы коронавирустың тарауы бойынша, «сары» аймаққа өтті. Осыған байланысты Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігері өңір тұрғындарына үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті Қарағанды облысының тұрғындары!

Қарағанды облысы 2021 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «сары аймақта» тұр.

2020 жылғы 18 қаңтардағы жағдай бойынша облыста барлығы коронавируспен науқастанғандар саны 12 782-ні құрап отыр, 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 899,8 құрады. Ауру белгілері бар азаматтар - 54,9% және ауру белгілерінсіз вирус тасымалдаушылар - 45,1% -жетті.

Эпидемиологиялық жағдай күрделі деп бағаланып отыр, өйткені вирус жұқтырғандар саны артып келеді.

Сондықтан, аурудың өршуіне жол бермеу мақсатында облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулы талаптарының сақталуын қатаң қамтамасыз ету қажет. Балаларға, жасы үлкен адамдарға және ауруға өте сезімтал созылмалы аурулары бар адамдарға ерекше назар аудару керек. Сіздің денсаулығыңыз, жақындарыңыздың денсаулығы өзіңіздің қолыңызда, сондықтан оқшаулануды, биоқауіпсіздік ережелерін (маска кию, антисептиктерді қолдану, әлеуметтік қашықтық) сақтауларыңыз қажет.

Қазіргі уақытта жекелеген аумақтарда да, жалпы облыс көлемінде карантиндік іс-шараларды қабылдау мәселесі қарастырылуда.

Қарағанды облысының Бас санитарлық дәрігері ретінде барлық азаматтарды санитарлық шаралар мен шектеулерді мүлтіксіз сақтауға шақырамын, бұл коронавирустық инфекцияның таралуын бақылаудың жалғыз жолы»,-делінген Қарағанды облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Юрий Залыгиннің Үндеуінде.


Жоғары қарай