Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус: Елорда «жасыл аймаққа» өтті

2020 жылдың 27 қараша 2020 21:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада карантин шаралары өз нәтижесін беріп, қала коронавирустың таралу қаупі бойынша «сарыдан» «жасыл» аймаққа өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласының «жасыл аймаққа» өткеніне үш күн болды. Алайда, бұл арқаны кеңге салып, еркінсуге себеп болмауы тиіс. Өйткені, «жасыл аймаққа» өту коронавирус жұқтырғандар санының азайғанын білдірмейді. Қалада әлі де тәулік ішінде инфекция жұқтырғандар тіркеліп жатыр. Дегенмен, өткен демалыс күндері тіркелген жағдайлар аз болған еді», - деді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиева ҚазАқпарат тілшісіне.

Сонымен қатар ол елордада күн сайын коронавирус жұқтырған 70-ке жуық науқас тіркеліп отырғандығын айтты.

«Қазіргі тұрақтылықты ұстап, алдағы 14 күнде «жасыл аймақта» қалатын болсақ, онда бәрі жақсы деп санауға болады. Ал әзірше нақты айту қиынға соғады. Егер алдағы 2 апта ішінде ахуал тұрақты болса, онда карантин шараларын біртіндеп жеңілдету мәселесі көтерілуі мүмкін», - деді ол.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева елорда «жасыл» аймаққа өткенімен, қала тұрғындары сақтық шараларын қатаң сақтауы қажеттігін ескертеді.

«Енгізілген карантиндік шаралар мен қала тұрғындарының, жұмыс берушілердің санитарлық нормаларды сақтауының нәтижесінде елорда «сары« аймақтан «жасыл« аймаққа ауысты. Дегенмен, вирус әлі де бар. Санитарлық нормаларды қатаң сақтау қажет. Маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтаған жөн», - деді ол.

Еске салайық, елорда бұған дейін «сары аймақта» орналасқан болатын.

Қазір ел өңірлері коронавирустың таралу қарқыны бойынша үш санатқа бөлінуде: «жасыл», «сары» және «қызыл» аймақтар.

Бүгін елордадағы баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният атап өткендей, қазір қауіпті «қызыл аймақта» 5 өңір: Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстары орналасқан. Алматы қаласы - «сары аймақта», ал қалған өңірлер «жасыл аймаққа» еніп отыр.








Жоғары қарай