Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус: Елдегі ахуал, Цой болжамы, шекарадағы бақылауды күшейту

2021 жылдың 26 қазан 2021 12:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жер шарын шарпыған коронавирустың беті қайтар емес. Халықты жаппай вакцинациялау, әлеуметтік арақашықтықты, маска режимін сақтау сынды сақтық іс-шараларын күнделікті қолданып жүргеннің өзінде әлемде күн сайын 300 мыңнан астам адам індетке шалдығып жатыр.

Жалпы пандемия басталғаннан бері дүниежүзінде 244 млн адам коронавируспен ауырып, дерт дендеген 4,9 млн адам көз жұмған. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының құрамына кіретін 54 елдің 35-інде соңғы 2 аптада ауру өсімі байқалып отыр. Әсіресе, Польша, Венгрияда, Грузияда, Әзербайжанда ауру өсімі 100 пайыздан асып жығылады. Ал елімізде абырой болғанда пандемияның таралуы тежеліп, соңғы 14 күннің ішінде 11 пайызға төмендеп отыр. Бұл жайында бүгін Үкімет отырысында баяндама басаған ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

Цой сценарийі

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Қазіргі уақытта сегіз өңір, атап айтқанда, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Алматы облыстары және Шымкент қаласы «жасыл» аймақта тұр. «Сары» аймақтағы бес өңірдің қатарында Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары» бар. Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары «қызыл» аймақтан шыға алмай отыр. Репродуктивті көрсеткіш 0,96 пайызды құрайды. Жалпы, Қазақстанда соңғы екі айда коронавируспен ауырғандар 4,5 есеге, ал өлім-жітім 4,8 есеге төмендеген.

«1 тамыздан бастап Қазақстанда инфекциялық төсек-орын жүктемесінің 56-дан 37 пайызға, реанимациялық төсек-орын жүктемесі 45-тен 30 пайызға төмендегені байқалады. Резервте 30 мыңнан астам төсек-орын бар. Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты уақытша инфекциялық нысандарды жабу жұмысы жалғасып жатыр. Осы жылдың 25 тамызы мен 18 қазаны аралығында барлық өңірде 103 нысан жабылды», - деді Алексей Цой.

Оның дерегінше, елімізде коронавирусқа қарсы вакцинаның 1-компонентімен шамамен 8,2 млн адам, екінші компонентімен 7,3 млн-нан астам адам егілді. Халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жалғасуда.

Министр алдағы 3 айға арналған коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық ахуалдың жаңартылған болжамын да жария етті. Болжамның үш сценарийі бар. Пессимистік сценарий кезінде коронавирус инфекциясының қараша айында орташа тәуліктік тіркелетін жағдай саны 1 800-ге дейін, ал желтоқсанда 2 350-ге дейін жетеді. Нақты сценарийге сәйкес, қарашада 1 650, желтоқсанда 1 600 жағдай тіркелуі ықтимал.

«Ал оптимистік сценарий кезінде коронавирус жұқтыру жағдайы қараша айында тәулігіне 1 500, ал желтоқсанда 1 100 болуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірге коронавирус инфекциясы бойынша алдын алу және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асырып, мониторинг жүргізуін жалғастырып жатыр», - деді ол.

«Қызыл» аймақ өңірлерінің әкімдері ахуалды қалай түземек

«Қызыл» аймақтағы өңірлердің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Осы облыстың әкімі Құмар Ақсақаловтың дерегінше, өңірде пандемия басталғаннан бері 27 мыңнан астам адам коронавируспен ауырған. Соңғы тәуліктің өзінде 135 жағдай тіркеліп отыр. Соңғы аптада ауруға шалдыққандар саны 2,2 пайызға өсті. Пациенттердің 90 пайызы емделіп, 276 адам қайтыс болды.

«Ауру ең жоғары тегіне жетіп, тұрақты деңгейде тұр. Келесі аптадан бастап біртіндеп төмедеуін күтеміз. Аурудың артуының негізгі себебі – ЖРВИ белгісі бар азаматтардың көптеп жүгінуі. Соңғы 2 аптада өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда респираторлық аурулар жағдайының 1,5 есеге артаны байқалады. Ауруханалар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Инфекциялық стационарларда төсек-орын қоры 53 пайызға жүктелген. Жағдай ушықса, 1 мың төсек-орын дайын тұр. Ахуал күрделі болғандықтан шектеу іс-шаралары күшейтілді. Отбасылық мерекелер мен еске алу іс-шараларын өткізуге тыйым салынды. Мәдениет, спорт және сауда нысандарының, оның ішінде Ashyq жобасына қатысушылар үшін де жұмыс уақыты шектелді. Вакцинация жұмыс жалғасуда. Халықтың 67,2 пайызы 1-компонентпен қамтылды. Толық курс алғандар 62,5 пайызды құрайды», - деді Құмар Ақсақалов.

Ал Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, осы жылдың басынан бері өңірде коронавирустың 37 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Өткен аптада аурудың орташа өсімі 0,3 пайыз болды. 20 инфекциялық стационардың базасында барлығы 1 мың инфекциялық төсек-орын ашылған. Оларда 571 адам ем алып жатыр. Резервте 2,5 мың төсек-орын бар. Ранимациялық бөлімшелер медициналық жабдықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Қажетті дәрі-дәрмектің 2 айға жететін қоры бар. Сонымен қатар облыс дәріханаларында вирустың ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмек те жеткілікті.

«Халықты коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау жалғасып жатыр. Ынталандыру іс-шараларын қолдау арқылы азаматтар арасында кең ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Шамамен 294 мың адам екпе алды. Өңірде шектеу іс-шаралары сақталуда. Білім беру ұйымдарында санитарлық нормаларды сақтау жұмысы күшейтілді. Соңғы аптада мониторинг топтары 84 тексеру жүргізді. 1 010 нысан қамтылды. Карантин іс-шараларын бұзудың 30 фактісі анықталып, 25 айыппұл салынды», - деді өңір басшысы.

Үкімет отырысында «қызыл» аймақтан әупірімдеп әрең шыққан Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те есеп беріп, мемлекет тарапынан қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде елордадағы эпидемиологиялық ахуалтың біршама тұрақтанғанын айтты.

«Егер тамыз айында орта есеппен 1 500-1 600 жағдай тіркелсе, соңғы аптада вирусты жұқтырғандар саны тәулігіне 200-ден азайды. Жағдайдың жақсарғанына байланысты қала «сары» аймаққа өтті. Инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі жазда 3 мың адамнан асса, бүгінде 500-ге жуық пациент ем алып жатыр. Реанимациялық төсек-орында 46 науқас ем алуын жалғастыруда. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында ем алып жатқан пациенттер 13 мыңнан 2мыңға дейін азайды. Қалалық ауруханалар біртіндеп өздерінің бейінді бағыттары бойынша жұмысқа қайта оралуда. 8 инфекциялық стационар жабылды. Қазір тек 7 инфекциялық және 1 карантиндік стационар жұмылдырылған. Оларда қажетті медициналық құрал-жабдықтар және жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар. Халықты вакцинациялау жұмысы жалғасуда. 1-компонентті 440 мыңнан астам адам алды. 2-компонент 410 мыңнан астам адамға егілді»,- деді елорда әкімі.

Премьер-Министр тапсырмалары

Көтерілген мәселеге қатысты қорытынды сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жалпы эпидемиологиялық ахуал бақылауда екендігін баса айтты.

«Дегенмен көрші елдерде жағдайдың қиындағанын көріп отырмыз. Сондықтан өңірлердің, әсіресе шекаралас өңірлердің әкімдері санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етсін, науқастану деңгейіне нақты мониторинг жүргізу және жедел іс-шаралар қабылдап отыру қажет. Мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру қажет. Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік шекарада эпидемиологиялық бақылауды күшейтсін», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-Министр вакцина егу қарқыны төмендеп отырғанына баса назар аударып, оны әсіресе, арта қалып келе жатқан өңірлер ұлғайту қажеттігін ескертті.

«Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдері вакциналау мәселесін жеке бақылауға алсын және оның қажетті деңгейін қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау, Ақпарат министрліктері халық арасында вакциналау мен ревакцинациялаудың маңыздылығы туралы, сонымен бірге денсаулықты сақтаудың жалғыз жолы - коронавирусқа қарсы екпені алу екенін түсіндіру бойынша жұмысты жалғастырсын», - деді Асқар Мамин.


Жоғары қарай