Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус дағдарысы кезінде Ұлттық қор трансферті өсті – Қаржы министрлігі

2021 жылдың 17 маусым 2021 12:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус дағдарысы жағдайында Ұлттық қордан трансферттер тартудың өсуі болды. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Есепті талқылау кезінде бюджеттің мұнайдан түсетін кірістерге тәуелділігінің артуы туралы сұрақ қойылды. Шын мәнінде, коронавирус дағдарысы жағдайында Ұлттық қордан тартылған трансферт өсті, оның көлемі бюджет кірістерінің 45 пайызына жетті», - деді министр ҚР Үкіметінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қарау кезінде.

Оның айтуныша, қосымша соманы есепке алмағанда, бюджет кірістерінің құрамындағы трансферттердің үлесі өткен жылдар деңгейінде сақталады.

«Бұл ретте өткен жылы Ұлттық қордың активтері 744 млрд теңгеге өскенін атап өткен жөн. Қорды басқарудан түскен инвестициялық кіріс 4,1 трлн теңгені құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Кепілдендірген трансферт орта мерзімді кезеңде қысқаратын болады. Бюджет кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, кепілдендірілген трансферт бойынша жаңа контрциклдық қағиданы қолдану жоспарланып отыр», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, кепілдендірілген трансферт мұнайдың консервативтік бағасы (кесімді баға) кезінде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер көлемінен аспайтын мөлшерде айқындалатын болады.

«Бұл мұнайға тәуелсіз тапшылықты төмендетуге және Ұлттық қордың өсуіне ықпал етеді. Егер өткен жылы республикалық бюджетте мұнайға қатысты емес түсімдердің үлесі 55 пайызды құраса, биыл оның үлесі 64 пайызға дейін жетеді. Алдағы кезеңде бұл үлестің мөлшері ұлғаятын болады. Осыған орай «көлеңкелі» экономиканы қысқарту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Е. Жамаубаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қаржы министрі 2020 жылы бюджеттің басым бағыттары төтенше жағдай кезінде азаматтарды және нақты секторды қолдауға арналған шығыстар болғанын айтты.


Жоғары қарай