Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус бойынша әлемдегі жағдай

2021 жылдың 25 ақпан 2021 08:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың әлемде таралу қарқыны төмендеп жатқанын, алайда індеттің жаңа штамдарының пайда болуы алаңдаушылық туғызып отырғанын мәлімдеді. Сәрсенбіде Covax халықаралық бағдарламасы іске қосылды, оның аясында ең кедей мемлекеттер вакцина ала бастайды. Сонымен бір мезетте Грузия туристердің кіруіне шектеулер мен басқа да карантин шектеулерін алып тастауда. Әлемдегі осы және өзге де жаңалықтар жөнінде ҚазАқпарат BBC сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

ДДҰ-ның «сақ» оптимизмі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 6-шы апта қатарынан әлемде коронавирустың жаңа жағдайлары мен өлім-жітімнің төмендеп келе жатқанына оптимизм танытты. ДДСҰ мәліметтері бойынша, өткен аптада инфекцияның 2,4 миллион жаңа жағдайы тіркелді, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 11% аз. Сол кезеңде COVID-19 өлімінің деңгейі 20% төмендеді. Алайда ауру қарқыны бәсеңдегенімен, дәрігерлер жаңа штамдарды жұқтырудың көбеюіне алаңдаулы.

Пандемия басталғаннан бері әлемде 110,7 миллион адам індетті жұқтырып, 2,4 миллионнан астамы қаза болды.

Covax-қа үміт артылды

Гана әлемдегі ең кедей елдердің тұрғындарын вакциналауға арналған «Covax» бағдарламасы аясында коронавирустың вакциналар партиясын алған алғашқы ел болды. Үндістанда өндірілген AstraZeneca препаратының 600 мың дозасының партиясы сәрсенбіде Аккраға жеткізілді.

Ганада (ел халқы 30 миллион) пандемия басталғаннан бері коронавирус инфекциясының 80 мыңнан астам жағдайы және 580 өлім тіркелді. Бірақ тестілеу проблемаларына байланысты бұл сандар толық болмауы мүмкін.

Бір ғана екпе жеткілікті…

Америкалық реттеушілер қауіпсіз, коронавирус ауруының алдын алатын және қайта егілуді қажет етпейтін Johnson & Johnson шығарған Covid-19 вакцинасын мақұлдауға дайын.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа вакцина Pfizer және Moderna препараттарына бюджеттік балама бола алады. Өйткені олардан айырмашылығы – оны арнайы тоңазытқышта емес, қарапайым тоңазытқышта сақтауға болады.

АҚШ, Оңтүстік Африка және Бразилиядағы алдын ала клиникалық зерттеулер көрсеткендей, жаңа вакцина 85% астам ауыр жағдайлардың алдын алады. Бірақ коронавирустың орташа және жеңіл түрі үшін оның тиімділігі 66% аспайды.

Сонымен қатар сынаққа қатысқандардың ешбірі вакцинациядан кейінгі 28 күн ішінде қайтыс болмаған және ауруханаға түспеген.

Бұған дейін Johnson and Johnson олардың вакцинасы мақұлданған жағдайда бірден 4 миллионнан астам дозаны шығарып, наурыз айының соңында 20 миллионды қамтамасыз ете алатындығын мәлімдеді.

Ұлыбритания: мектеп оқушыларына демалыс болмай ма?

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон жоғары сынып оқушылары жазда қайта оқып, мұғалімдерімен жеке жұмыс істеуі үшін қосымша қаражат бөлуге уәде берді.

Өткен жылдың наурыз айында енгізілген елеулі шектеулер мектеп оқушыларын қашықтан оқытуға көшуге мәжбүр еткендіктен, бұл олардың үлгеріміне де әсер етті.

Осыған ұқсас бастамалар Шотландия, Уэльс және Солтүстік Ирландияда іске асырылуы мүмкін. Олардың билігі мектептерге қосымша қаржы бөлуды жоспарлауда.

Грузия шекараны ашады

25 ақпаннан бастап Грузия коронавирус пандемиясына байланысты шектеулерді біртіндеп алып тастай бастайды. 1 наурыздан Қазақстан, Ресей, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Украина азаматтары коронавирусқа ПТР-анықтама болған жағдайда елге ұшып келе алады. Бұған дейін елге кіру тек Еуроодақ мемлекеттерінің азаматтары үшін рұқсат етілген болатын.

Грузиядағы тау шаңғысы курорттарында алдымен қонақүйлер, ал 8 наурыздан бастап тауға көтеру кешендері ашылады. Содан кейін мейрамханалар, сауда орталықтары мен базарлар қайта жұмыс істей бастайды.

15 наурызда жоғары оқу орындары мен жаттығу залдарын ашу жоспарлануда, ал 1 сәуірден бастап театрлар, спорт клубтары мен спорт ареналары қызметіне кіріседі. Дегенмен, кешкі сағат 9-дан таңғы 5-ке дейін жүріп-тұруға салынған тыйым әлі де күшінде.

Басты сөздер: Коронавирус, Әлем,
Жоғары қарай