Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус: Австралияда соғыс ардагері вакцина алды, Германия елге ешкімді кіргізбей отыр

2021 жылдың 21 ақпан 2021 13:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның коронавирустың таралуына қарсы ведомствоаралық комиссиясы әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға шолу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Австралия тұрғындарына COVID-19 қарсы вакцина егуді бастамақ.

Бірінші вакцина Екінші дүниежүзі соғысының ардагеріне жасалды.

Кең ауқымды вакцинация науқаны 22 ақпанда басталады.

25 миллион халқы бар мемлекетте коронавирусты шамамен 29 мың адам жұқтырған.

Оның 900-ден астамы қайтыс болған, 26 мыңнан астамы сауығып шыққан.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон елдің барлық ересек тұрғындарына шілде айының аяғына дейін COVID-19-қа қарсы вакцина жасату ұсынылатынын мәлімдеді.

Үкіметтің вакцинацияны жеделдету жоспарына сәйкес мұндай ұсыныс 15 сәуірге дейін 50 жастан асқан барлық адамға жетеді деп болжанып отыр.

Елде вакцинация науқаны 2020 жылдың 8 желтоқсанында басталған.

17,24 миллион тұрғын вакцинаның алғашқы дозасын алса, 605 мыңға жуық адам вакцинаның екінші дозасын алған.

Неміс шекарашылары 15 ақпаннан бастап, яғни елдің шекара бекеттерінде қатаң бақылау орнатылған уақыттан бастап 4 522 адамды Германияға кіргізбеген.

Басты себеп - келушілердің қолында коронавирустың теріс нәтижесі көрсетілген ПТР анықтамасы жоқтығында.

Иран Иракпен шекарадағы өткізу пунктілерін Ұлыбританияда табылған коронавирус нұсқасының таралуына жол бермеу мақсатында жауып тастаған.

Тегеран аталған мутация көрші мемлекеттен келген деп есептейді.

Ирландия премьер-министрі Микол Мартин елде қонақүйлер мен гастрономия саласындағы кәсіпорындардың жұмысы жазға дейін ашылмайтынын мәлімдеді.

Барлар, мейрамханалар, кафелер мен қонақүйлер соңғы 12 айдың көп бөлігінде жұмыс істемеген.

5 миллион тұрғыны бар Ирландияда COVID-19 214 мыңнан астам адамнан табылған, 4 135 адам қайтыс болған.

Швецияда COVID-19-дың бразилиялық нұсқасын жұқтыру жағдайлары анықталған.

Ел билігінің хабарлауынша, COVID-19-дың аталған мутациясы төрт адамда тіркелген.

Жұқтырғандардың ешқайсы жақын арада Бразилияға бармаған. Билік жұқтыру тізбегін анықтап жатыр.

Бұған дейін Швецияда Ұлыбритания мен Оңтүстік Африкадан табылған COVID-19-дың мутациясын жұқтыру жағдайлары тіркелген болатын.


Жоғары қарай