Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус: Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында карантин жеңілдетілді

2021 жылдың 28 қаңтар 2021 18:10

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында коронавирусқа қатысты карантин талаптарын жеңілдету бойынша жаңа қаулы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәртөк ауданында балалардың түзеу кабинеттері мен білім беру орталықтарының жұмысы қайта жанданды. Тек адам саны 15-тен аспауы тиіс. Сонымен бірге медициналық орталықтар мен кабинеттерге, стоматологияға алдын ала жазылу керек. Екінші деңгейлі банк бөлімшелері, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен пошта сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін қызмет көрсетеді.

«Мектепке дейінгі мекемелердің кезекші топтарына қабылданған бала саны 15-тен аспауы тиіс. Діни объектілерде ұжымдық іс-шаралар өткізуге болмайды. Ал қоғамдық тамақтану орталықтары сағат 07:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істейді. Онда тек 50 адамға қызмет көрсетуге рұқсат. Ал азық-түлік және азық-түлік емес базарлар, сауда үйлері жұмыс күндері ішкі тәртіп бойынша жұмыс істейді. Тек демалыс күндері қызметін тоқтатады», - деп жазылған Ақтөбе облысының бас санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның Қаулысында.

Сонымен бірге мәдениет нысандары да жұмыс істейді. Тек адам саны 30-дан аспауы қажет. Бассейн қызметі де ішкі тәртіппен реттеледі. Спорт нысандарында жаттығуға рұқсат берілді.


Жоғары қарай