Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Коронавирус: 70 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды

2020 жылдың 10 тамыз 2020 15:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирусқа шалдыққан науқастардың арасында 246 адамның денсаулығы нашар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресми статистикаға келетін болсақ, биылғы 13 наурызынан бастап Қазақстанда коронавирустық инфекциямен 99 442 адам ауырды. Жазылып шыққан науқастардың саны 72 523 немесе 72,9 пайыз. Стационарларда 4 713 адам ем қабылдауда және 20 937 амбулаторлық жағдай емделуде», - деді реми өкіл Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, науқастардың арасында 246 адамның денсаулығы нашар, 69 адамның денсаулығы өте нашар деп бағаланды. Жалпы 70 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

Соңғы бір тәулікте COVID-19 вирусын 741 адам жұқтырды.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша 1 тамыздан бастап коронавирустық инфекция және оған ұқсас белгілері бар пневмония деректерін статистика қатарына қостық. Осыдан кейін еліміз індеттің таралуы көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте бір сатыға ғана көтерілді. Бұған дейін біз 27-орында болсақ, қазір 26-шы орынға тұрақтадық. Бірақ, бұл көрсеткішке қарап жігерді жасытуға болмайды, біз үшін ең маңыздысы – күресті күшейтіп, жағдайды одан әрі жақсарту. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қазір қолымызда жан-жақты сараланған мәліметтер бар», - деді Бағдат Қожахметов.

Еске салсақ, Қазақстанда коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтады.


Жоғары қарай