Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қорғаныс министрлігі 92 млн теңгені жымқыру ісіне қатысты түсінік берді

2020 жылдың 26 маусым 2020 20:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрлігі құрылыс басқармасы басшыларының 92 млн теңгені жымқыру фактісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚК ӘПОББ күрделі құрылыс басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқаны туралы мәлімет тарады. ҚР ҚК Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасы 2015-2016 жылдары мердігерлік ұйыммен әскери бөлімдердің бірінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасасты. Құрылыс-монтаж жұмыстары уақытында аяқталып, нысан шартта белгіленген мерзімде тапсырылды. Пайдалануға қабылдау туралы актіге 2016 жылдың 26 қыркүйегінде қол қойылды» деп мәлім етті ведомстводан.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін ғимараттардың бір бөлігі режимдік үй-жайдың қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмегендіктен пайдаланылмай отыр.

«Министрліктің қазіргі басшылығы әскери нысан құрылысының сапасы, өткен жылдардағы шарттарды адал орындамау фактілері, сондай-ақ жауапты лауазымды тұлғалардың осы мәселелерде сыбайластыққа жол бермеу туралы мәселесін бірнеше рет көтерді. Атап айтқанда, 15 маусымдағы аппараттық кеңесте жария етіп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қабылдау жөнінде нұсқау берілген» дейді министрлік.

Қазіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мердігер ұйымның шарттық міндеттемелерін адал орындамау фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Лауазымды адамдардың кінәсіне қатысты шара осы факті бойынша іс жүргізу шешімін қабылдау нәтижесі бойынша белгіленеді.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Қарағанды облысында әскери ғимарат құрылысына бөлінген қаражатты жымқыру күдігімен басқарма өкілдері ұсталғанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай