Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Кореяда сотталған 25 қазақстандықты елге қайтаруға мүмкіндік жасалмақ

2021 жылдың 20 қаңтар 2021 11:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет үшін шетелде жүрген азаматты қорғау – Конституция жүктеген міндетіміз. Себебі Конституцияға сәйкес елімізден тыс жерлерде жүрген азаматтарды қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береміз. Сондықтан басқа елде қылмыс жасап, сотталған азаматтарды тастап кетпейміз. Бүгінгі шарттың негізгі мақсаты - сотталған адамдарды өзара алмасу, оларды беру жолдарын реттеу», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов құжат бойынша жасаған баяндамасында.

Сотталған адамдар мынадай жағдайларда беріледі:

- егер соттталған адам еліміздің не Кореяның азаматы болып танылса;

- сот үкімі заңды күшіне енген болса;

- беру туралы сұрау салу алынған кезде кемінде бір жыл өтейтін мерзімі қалса;

- жасаған әрекеті екі жақта да қылмыс болып танылса;

- екі мемлекет сотталғанды өзара беруге келіссе.

Оның айтуынша, осы талаптар сақталмаса, сотталған адамдар берілмейді. Қазақстанға қайтарылған адам Корея сотының үкімі бойынша өз жазасын өтейді. Егер Қазақстан мен Кореяның заңдары сәйкес болмаса, яғни үйлеспесе, онда сот үкімі еліміздің заңда көзделген жазаға сай келтіріледі.

«Алайда жазаның сипаты мен ұзақтығы Корея соты тағайындаған жазадан қатал болмауға тиіс. Бүгінгі таңда Кореяда 25 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Бізде Кореяның бір азаматы жазаға тартылды. Ұсынылып отырған келісімге ратификация жасалған жағдайда бұл азаматтарды елге қайтаруға мүмкіндік туады. Олар елге келіп, әлеуметтік ортасында жазасын өтейді», - деді М. Ахметжанов.


Жоғары қарай