Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Қордайлық жалғызбасты анаға қайырымды жандар баспана алып берді

2020 жылдың 22 мамыр 2020 08:01

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Қордай ауданында көмекке мұқтаж бір отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аудандық «Қордай» мешіті жамағатының көмегімен Гүлзат Ильязова есімді жалғызбасты анаға баспана ұсынылды. Үй иесінің қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Рүстем Дәулет, Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, «Зекет» қорының өкілі Бекболат Мыңбаев, аудандық мешіт өкілдері және қадірлі қариялар жиналды. Қонақтар баспаналы болған жанға ізгі тілектерін айтып, ақсақалдар батасын берді.

«Бүгінгі үй иесін қуанышымен құттықтаймын. Барлығымыз ауданда қайырымды істердің артып жатқанының куәсі болып жүрміз. Осы игі істің басында жүрген азаматтарға, «Зекет» қорына, имамдарға алғысымды айтамын. Биыл жомарт жандардың көмегімен тағы бірнеше отбасы баспаналы болады деп сенім артамын. Тек жақсылықтар болсын», – деді аудан басшысы Рүстем Дәулет.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және «Зекет» қорының бастамасымен республика көлемінде «Ел үлесі – пәтерге» атты қайырымдылық жобасы іске асырылып келеді. Осымен екінші жыл қатарынан мұқтаждарға баспана сыйлаған игі бастама аясында екі жүзден астам отбасы үйлі болды. Ал Қордай ауданы бойынша үшінші отбасыға үй кілті берілді.

«Рамазан айында біз керемет іс-шараның куәсі болудамыз. Бұл «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясындағы облыс бойынша 11-ші болса, республика бойынша 211-ші үй. Егер біз әрдайым ынтымағымызды, бірлігіміз бен жанашырлығымызды көрсете білсек, елде қиналған отбасы болмайтынына сенемін», – деп бас имам Бейбіт Мырзагелдиев салтанатты түрде үй кілтін Гүлзат Ильязоваға ұсынды.

Баспана көптің көмегімен жиналған 8,5 млн теңгеге сатып алынған. 10 сотық жері, 5 бөлмесі және қорасы бар.





Жоғары қарай