Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

Қордайда қазақтілді сыныптарға сұраныс көбейген

2020 жылдың 29 мамыр 2020 19:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Қордай ауданындағы қазақ тілінің мәртебесін көтеру жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауданда қазақ тілі пәнін оқытушылардың біліктілігін, сапасын арттыру керек. Ол үшін облыс әкімінің тапсырмасымен мемлекеттік университет мамандарын тартып, қосымша қазақ тілі курстарын аштық. Жыл соңына дейін мың жарым адам, соның ішінде қазақ тілі пәнінің оқытушылары курстан өтеді», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз мәслихатында тілші сұрағына берген жауабында.

Сонымен бірге, спикер биылғы оқу жылында қосымша қазақ сыныптары ашылатынын хабарлады.

«Өзге ұлт өкілдері, оның ішінде ұлты дүнген ата-аналар балаларын қазақ тілінде оқытқысы келетінін айтып, қосымша қазақ сыныптарын ашуды ұсынды. Сондықтан, биыл қазақтілді сыныптар ашылып, аудан бойынша бірінші сыныпқа қабылданатын 1500 бала қазақ тілінде оқитын болады. Жалпы бұл бағытта да жүйелі жұмыс істеп келеміз», - деді Е. Жылқыбаев.

Бұған дейін спикер ауданда зардап шеккен 65 нысанның 54-інде қалпына келтіру жұмыстары басталғанын хабарлады.

Асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты, қайтыс болған жандардың отбасыларына ай сайын орта есеппен 55 мың теңге әлеуметтік жәрдемақы тағайындалып, төленіп жатыр.

Сонымен бірге, жыл соңына дейін ауданда жол жөнделіп, газ құбыры тартылады. Жаңа мектептер мен тұрғын үйлер салынады.




Жоғары қарай