Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қордайда ауыз су, газ және тұрғын үй мәселесі қалай шешіліп жатыр

2020 жылдың 8 қараша 2020 01:01

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында ауқымды құрылыс жобалары жүзеге асуда десек, әсіресе, Қордай ауданы – алып құрылыс алаңына айналған. Алғаш рет ауданды жеке дамытуға қосымша 35 миллиардтан астам теңге бағытталды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған қаражат қалай игерілуде, қандай мәселелер бар, бүгінгідей пандемия кезінде жұмысшылар күші жеткілікті ме? Осы және өзге де сауалдар аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың облысымыздағы халқы ең тығыз орналасқан аталған ауданға кезекті жұмыс сапары барысында негізге алынды.

Тұрғындардың қалыпты өмір сүруі үшін ең алдымен шешілуі тиіс қажеттіліктің бірі – таза ауыз су мәселесі. Сондықтан облыс әкімі аудандағы жұмыс сапарын Арал ауылындағы су қабылдағыш нысан және су құбырының құрылысы барысымен танысудан бастады.

Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаевтың айтуынша, биыл бұл бағытта 2,7 миллиард теңгенің алты жобасы жүзеге асырылуда.

Атап айтсақ, Кенен ауылындағы су құбырын тарту жобасы тапсырылу кезеңінде десек, Қаракемер, Қордай және Отар ауылдарындағы жұмыстар 80 пайызға, Өтеген және Арал ауылдарында 90 пайызға аяқталған.




Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі 73-тен 78 пайызға дейін артады деп күтілуде.

Аймақ басшысы нысанды іске қосу кестесін сақтауға және алдағы уақытта сумен үздіксіз қамтамасыз етуге баса назар аударды.




Тұрғындарды газбен қамтамасыз ету де басты қажеттіліктердің тізімінен орын алатыны сөзсіз. Осы орайда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданның 12 ауылдық елді мекенін және салынып жатқан биофармацевтикалық зауытты газбен қамтамасыз етуге бағытталған «Отар» автоматты газ тарату станциясының құрылыс жобасы жүзеге асуда.

Аймақ басшысына Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев айрықша мәселелердің жоқтығын, нысан 60 пайызға дайын екендігін жеткізді. Қазір электр қондырғылары орнатылуда. АГТС-ті 25 желтоқсаннан кешіктірмей пайдалануға беру жоспарланған.




Бердібек Сапарбаев ауа райының суымай тұрғанын пайдаланып, жұмыс қарқынын барынша арттыруды тапсырды.

Тұрғын үймен қамту да – тұрмыс сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірегейі. Осы орайда Қордай ауылында бүгінде бірнеше көп қабатты үйлер бой көтеруде десек, олардың екеуін «Батыс» тұрғын алқабында «Агроспецстрой» ЖШС салуда.




60 пәтерлік қос үйдің бірі кірпіштен, екіншісі газаблоктардан тұрғызылуда. Оған жақын маңнан саябақ және әлеуметтік нысандар салу жоспарлануда.

Қазіргі күнде 1524 қордайлық тұрғын үй кезегінде тұрғанын тілге тиек етсек, олардың кейбірі осы жылдың соңына дейін қоныс тойын тойлайтын болады.




Облыс әкімі үйлердің қасбеттеріне ерекше назар аударуды, қажет болса, тәжірибелі сәулетшілер мен дизайнерлерді және қабырғаларға органикалық муралдар салу үшін суретшілерді тартуды тапсырды.




Сондай-ақ, «Агроспецстрой» ЖШС Әлжан ана ауылында құны 323 миллион теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінінің құрылысын жүргізіп жатыр. Игі іске тиісті қаржыны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бөлген.




Осы ауылдағы 1972 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп бүгінде қайта жаңғыртылған. Адам танымастай өзгерген нысанның шатыры, едені, жылыту жүйелері ауыстырылып, жылы дәретхана, су және газбен қамтылып, 27 бейнекамера орнатылған.




Спорт залдан әлі күнге жаңа бояудың исі сезіледі десек, ал акт залындағы сахна пердесін мұғалімдердің өздері тігіпті. Бүгінгі таңда жалпы 868 оқушының бастауыш сыныптардағы 320 оқушысы мектепте, қалғаны қашықтан білім алуда.

Бердібек Сапарбаев дәстүрлі форматта өтетін сабақтарда әлеуметтік арақашықтықты сақтауды, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауды тапсырды.











Жоғары қарай