Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қоныс аудару: 176 отбасы өз өңіріне қайта көшіп кеткен

2021 жылдың 28 сәуір 2021 12:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударған отбасылар жаңа мекенде кемінде 5 жыл тұруға міндетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі редакцияның сауалына осылай деп жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еңбек» бағдарламасы шеңберінде қоныс аударушылармен жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу бойынша мемлекеттік қолдау көрсету туралы әлеуметтік келісімшарт жасалады. Оның шарты бойынша қоныс аударушы жаңа мекеннен 5 жыл ішінде кеткен жағдайда көшуге алған субсидиялардың және тұрғын үйді жалдау, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге берілген субсидияларды бюджетке өтеуге міндетті екені көрсетілген. Яғни, қоныстану өңірінен бекітілген мерзімнен бұрын кеткісі келетін азаматтар алынған субсидияларды толық қайтаруға тиіс», - деп жазады ведомство өкілдері.

Қоныс аударушыларды қабылдау өңірлері айқындалған, олар: Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары. Министрліктің мәліметі бойынша, аталған өңірлерден 176 отбасы қайта көшіп кеткен.

«Жүргізілген талдаудың нәтижесі бойынша қоныс аударушылардың еліне кері қайтуының басты себебі – климаттық өзгешелік (қыстың суықтығы және ұзақтығы), жеткіліксіз инфрақұрылым (табиғи газдың жоқтығы) және отбасылық жағдайлар», - деп жазылған министрлік жауабында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ведомство соңғы 4 жылда оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған отбасыларға қанша ақша жұмсалғанын мәлім етті.

Сондай-ақ, министрлік мамандар «Еңбек» көші қандай мамандықтар тапшылығын жойғанын айтып берді.

Ресми дерек бойынша, жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударған жастардың 76 пайызы жұмысқа тұрған.


Жоғары қарай