Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Көлік полицейлері 32 мыңнан астам құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты

2020 жылдың 30 қазан 2020 16:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері көлік полицейлері 32 мыңнан астам құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің басшысы Оңал Бекеевтің төрағалығымен кеңейтілген кеңес өтті. Онда департаменттің 9 айдағы жұмысының қорытындысы қаралып, көлік полициясының алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалды. Басқосуға департамент аппаратының қызмет бастықтары мен аумақтық бөлініс басшылары қатысты.

Кеңесті ашқан О. Бекеев еліміздің теміржол және әуе көлігі нысандарындағы жедел жағдайға жан-жақты тоқталды.

Оның айтуынша, жыл басынан бері көлік полицейлері әуе және теміржол көлігімен тасымалданған 15 миллионнан астам азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.

Ведомство басшысы қылмыс санын 27,1%-ға төмендетуге қол жеткізілгенін атап өтті. 9 айда барлығы 1 159 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Олардың жалпы ашылуы 91%-ды құрады.

Түрлі құқық бұзушылықтары үшін 32 498 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, есірткінің заңсыз таралу фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған шаралар іске асырылды. Департамент бөліністерінің күшімен 155 келіден астам әртүрлі есірткі заты тәркіленді.

Кеңес барысында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру, соның ішінде ішкі істер органдарын реформалау, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында полиция жұмысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер кеңінен талқыланды.

«Бұл Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы. Біріншіден, полицияда тек кәсіби мамандар қызмет етуі қажет. Екіншіден, болашақ полиция қызметкерінің жоғары моральдық қасиеттері, адал, әдепті және дене дайындығы да шыңдалған болуы қажет. Ол қандай маңызды лауазымда қызмет атқаратынын және қаншалықты жауапты екенін толыққанды түсінуі қажет», - деді О. Бекеев.

Бұдан соң, бірқатар аумақтық бөлініс басшыларының баяндамасы тыңдалды.

Шара барысында кадр саясатына баса назар аударылды. Сонымен қатар, полицейлердің қызметтік-жауынгерлік дайындық деңгейін көтеру және жеке құрам арасындағы тәртіпті нығайту мәселелері айтылды.

О. Бекеев кеңесті қорытындылай келе, бөлініс басшыларына жедел қызметті күшейту, қылмыстарды ізін суытпай ашу, құқықбұзушылықтардың алдын алу, адамдар көп шоғырланатын темір жол қозғалысында, әуежай нысандарында, вокзалдар мен перрондарда қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар міндеттер қойды.




Жоғары қарай