Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

Көкшетаулықтар Наурыз мейрамын 7 күн бойы тойлайды

2019 жылдың 14 наурыз 2019 22:07

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаулықтарды биылғы Наурызда үлкен мереке күтіп отыр. Наурыз мейрамы 7 күн бойы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы әр күн бір символының негізінде өтпекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, наурыздың 15-де «Көрісу» тақырыбымен «Көкшетауға көктем келді» тележобасы өтеді.

«18-20 наурыз аралығында «Наурыз мейрамы», «Үкілі сәукеле» қыз жасауын даярлау салтын көрсету, «Бесікке салу» сияқты акциялар ұйымдастырылады.

Наурыз мейрамын тойлаудың шарықтау шегі «Абылай хан» және «Тәуелсіздік» алаңдарында 30 мың қала тұрғыны мен қонақтарының қатысуымен өтетін халықтың серуендеуіне жалғасады. Мұндай шаралар Краснояр және Станционный кенттерінде де жалғасын тауып, театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламаларға ұласады.

Наурыздың 21-де орталық алаңда киіз үй қалашығы орнатылып, әрқайсысында әлеуметтік жағдайы төмен жандарға қайырымдылық ас беріледі. Қала тұрғындары мен қонақтарына да ауыз тию ұсынады. Орнатылған киіз үйлер шартты түрде жеті ауылға бөлінеді. Сахна да екі деңгейден тұратын болады, алаңдарда «Алтыбақан», «Қызғалдақ», «Отбасы» пневмопішіндері қойылады.

Көрермендер «Бата беру», «Атқа мінгізу», баланың туғанынан бастап отбасын құру кезіне дейінгі салт-дәстүрлері сияқты көшпенді халықтың дәстүрлер көрсетілімінің куәгері болады.

Мерекенің тұздығы 1 мыңнан астам көшет, 500 келі алма, 1 тонна «Наурыз көже», 1 тоннадан астам бауырсақ болмақ, сондай-ақ, балалар үшін 5 мыңнан астам құрттан жасалған сыйлық үлестіріледі», дейді қала әкімінің баспасөз қызметіндегілер.

Ұйымдастырушылар ауқымды театрландырылған қойылымдар әзірлеуде, мерекенің мәні мен сәні көптеген образдар мен Наурыз символдары арқылы көрсетілмек: «Қыдыр ата», «Ұмай ана», «Бүркітші», қазақтың Алабай, Тазы тұқымдарының қатысуымен. «Тәуелсіздік» алаңында ұлттық спорт ойындарынан жарыс ұйымдастырылады, жүлде қоры да қомақты.

Жастар жылының символы ретінде белсенді жастардың қатысуымен қазақ халқының салт - дәстүрлерінің көрсетілімі мен ауқымды флешмоб ұйымдастырылады.

«Мерекелік шара Ақмола облысының шығармашылық ұжымы, Көкшетау қаласының мекемелер, оқу орындары және ұйымдарының концерттік бағдарламасына жалғасады. Іс-шараның соңында аспанға жүздеген шарлар ұшырылады. Бұл күндері қаланың барлық мекемелерінде Наурыз мейрамын тойлау шаралары өтетін болады», деп толықтырды ведомстводан.

Жоғары қарай